Өскемендегі жылу беру маусымы: Жылу электр орталығы қысқы режимге көшуде
Өскеменде орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосу жұмыстары үшінші күн қатарынан жүргізілуде. Қала тұрғындарының 80 пайызын жылумен қамтамасыз ететін Өскемен жылу электр орталығы қазіргі таңда қысқы жұмыс тәртібіне көшу үстінде. 19 қыркүйекте кәсіпорын алдағы жылыту маусымына толық дайын екендігін растайтын арнайы төлқұжат алған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директорының орынбасары Жандос Тұраровтың айтуынша, облыс орталығында жылыту маусымы жергілікті атқарушы органның қаулысына сәйкес 1 қазаннан бастап кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бүгін - қала бойынша тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу жұмыстарының үшінші күні. Қазіргі уақытта жылу тасымалдағыштың айналым көлемі сағатына 10 000 тоннаны құрап отыр. Соңғы екі күн ішінде бұл көрсеткіш шамамен 6 000 тоннаға артқан. Мамандардың айтуынша, бүгін жылу жүйесі толықтай қысқы режимге ауысады.
Қазіргі таңда станцияда 5 қазан агрегаты мен 3 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Биыл орталықта бірнеше маңызды жаңғырту жобалары жүзеге асырылып, техникалық сенімділігі айтарлықтай артты. Атап айтқанда, ОРУ-1 (ашық тарату құрылғысы) жаңартылып, 140 атмосфералық қысымға төтеп беретін негізгі бу құбырлары толығымен ауыстырылған.
Кәсіпорынның қазіргі көмір қоры 240 000 тонна. Бұл көлем қысқы маусымда 48 тәулікке жетеді, ал норматив бойынша, ең төменгі қажетті қор мөлшері 20 тәулікті құрауы тиіс. Осылайша, мамандар Өскемен ЖЭО алдағы қысты ойдағыдай өткізуге толықтай дайын екенін алға тартты.
Аударған: Арайлым Орсаринова
Авторы: Елизавета Седых
Фото, видео: Евгений Щетников