Мемлекет басшысы Нұрғиса Тілендиев ескерткішінің ашылуына орай құттықтау жолдады
Халық қаһарманы, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, біртуар композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері – Алматы облысы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде ескерткіштің ашылуы халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласының белгісі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының мерейлі сәтке орай жолдаған лебізін жеткізген Аида Балаева өз сөзінде ұлы композитордың қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.
Министр Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай елімізде және шетелде ауқымды мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын сөз етті.
Атап айтсақ, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2025 жылды «Нұрғиса Тілендиев жылы» деп жариялап, Анкарада көрме, деректі фильм көрсетілімі мен композитор шығармаларынан концерт өткізді. Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Шабыт бастауы» атты көрме ашылып, АҚШ-та Карнеги-холда арнайы экспозиция, Бейжіңде «Құстар қайтып барады» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ Мәскеу, Франкфурт, Бішкек, Алматы және Түркістан қалаларында түрлі концерттер мен фестивальдер өтті.
Салтанатты жиынға қатысушылар 400 орындық жаңа мәдениет үйінің ашылуына қатысып, көрме залдарын аралады. Іс-шара аясында арнайы концерт өтіп, дәулескер күйшінің әндері мен күйлері орындалды. Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиевтің мүсінін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі – 2,85 метр, тұғыры – 1,5 метр, жалпы биіктігі – 4,35 метр. Тұғыры граниттен жасалған. Еңселі ескерткіш – ұлы сазгердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегіне деген ел құрметінің айғағы.




