KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

ШҚО-да теміржолшылар тұйықтарда көмірдің бар-жоғын тексерді

depositphotos.com

20.10.2025, 17:30 216 Базарова Айгүл

Жылыту маусымының басталуына байланысты теміржол саласының қызметкерлері өңірлердің коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз етілу деңгейін тексеруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Тексеру барысында мамандар көмір тиелетін Дегелең станциясына барды. Мұнда тәулігіне 350 вагонға өтінім болғанымен, компания орта есеппен 280 вагон жүктейді. Өскемен бағытында күн сайын «Сейком» ЖШС мен ««Терминал» отын компаниясы» ЖШС көмір тұйықтарына 15 вагон жөнелтеді.

Жоспар бойынша қазанда «Қаражыра» АҚ Қазақстан бойынша 10 525 вагон (726,2 мың тонна) көмір тиеуі тиіс. Қазанның алғашқы 15 күнінде Шығыс Қазақстан облысына 1 944 жартылай вагон (134,6 мың тонна) жөнелтілген, оның 561 жартылай вагоны коммуналдық-тұрмыстық көмір (38,9 мың тонна).

Өскемен қаласындағы «Терминал» отын компаниясы» ЖШС директоры Мансұр Бекбауов көмір жеткізу тұрақты жүріп жатқанын атап өтті.

– Айлық жоспарымыз – 16 мың тонна, ал біздің тұйыққа қазірдің өзінде 8 мың тоннадан астам көмір жеткізілді. Вагондар келіп жатыр, тұрғындарды қамтамасыз етуде мәселе болмайды деп ойлаймын, – деді ол.

Кәсіпорын Өскеменнің сол жағалауы мен жақын аудандар тұрғындарын, сондай-ақ Молодежный кенті мен құс фабрикасын жылытып отырған «Айтас» ЖШС-ін көмірмен қамтамасыз етеді.

«Жаңа Өскемен» станциясы басшысының орынбасары Дәурен Айтуғанов көмірге арналған вагондарды беру және әкету жұмыстары уақтылы атқарылып жатқанын айтты.

– Станцияға көмір келсе, біз оны тұйықтарға дереу жібереміз. «Қаражыра» АҚ келесі аптаның басынан бастап жеткізілім көлемін арттыратынын хабарлады, – деп түсіндірді ол.

«Сейком» ЖШС директоры Николай Кондратьев олардың көмір тұйығына тәулігіне 5-тен 12 вагонға дейін келіп түсетінін мәлімдеді.

– Коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қатар, біз өнеркәсіптік кәсіпорындар – май зауыттары, элеваторлар, кірпіш зауыттарын да қамтамасыз етеміз. Олар отынды жыл бойы сатып алады. Жалпы жеткізілетін көмірдің шамамен 30 пайызы өнеркәсіп секторының үлесінде, – деді кәсіпорын директоры.

Оның айтуынша, көмір тұйығы арқылы тәулігіне 50-ден 220-ға дейін автокөлік өтеді – бұл жеткізілім көлеміне байланысты.

«Өскемен-1» станциясы басшысының орынбасары Талғат Зияданов биыл Өскеменде «Қаражыра» АҚ мен Павлодар көмір кенішінен келетін қатты отынды сататын алаңдар саны артқанын атап өтті.

– Біз – тұтынудың соңғы станциясымыз. Барлық жөнелтушілердің өтінімдері толық орындалып жатыр, вагондарды жеткізу мен әкету кешіктірілмей жүргізілуде, – деді маман.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі қатты отынды тасымалдауға арналған вагондар паркі толық қамтамасыз етілгенін, кей бағыттарда вагондар артық екенін атап өтті.

Көмір тұйықтарының басшылығы көмір өндіруші «Қаражыра» АҚ-на көмір жеткізу көлемін арттыруды сұрап отыр. Өз кезегінде ҚТЖ вагондарды уақтылы жеткізуді қамтамасыз етіп, жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен кәсіпорындардың қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз ету үшін көмір компанияларымен тығыз жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, өңірлердің көмірмен қамтамасыз етілуіне қатысты мониторинг бүкіл ел бойынша жүргізілуде.


Елизавета Седых

Аударған: Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу