ШҚО-ға 150 мың тонна көмір жеткізілген
t.me/PR_KTZh
Жоспар бойынша мамырдан тамызға 204 мың тонна мөлшерінде көмір жеткізілуі тиіс болған.
Бұл туралы ҚТЖ мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚТЖ мамырдан 18 қыркүйекке дейін елдің әр өңірін коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету үшін шамамен 2,3 млн тонна көмір тасымалдаған.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында мамырдан тамызға дейінгі кезеңде көмірге қажеттілік жоспары 204 мың тонна мөлшерінде болса, іс жүзінде барлығы 150 мың тонна тиелген.
Өңірлік көмір операторларының ақпараты бойынша, Өскемен қаласы үшін қыркүйекке 33,6 мың тонна көмір тасымалдау жоспары мәлімделсе, қыркүйектің 18 күні ішінде тек 16 мың тоннасы жеткізілді. Қосымша, 19 қыркүйекте Жаңа-Өскемен станциясына 21 вагон коммуналдық-тұрмыстық көмір (1,5 мың тонна) әкелінді.
ҚТЖ барлық тұтынушылар үшін көмірді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуді жалғастыруда және көмір операторлары мен жүк жөнелтушілерді, әсіресе күзгі-қысқы кезеңнің басында тасымалдауға өтінім беруде жедел әрекет етуге шақырады.