Риддер ЖЭО: энергия жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды
Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша Риддер жылу электр орталығы аумағында ашық тарату құрылғыларын қайта жаңарту жобасы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Жобаны жүзеге асыруды «КЭМОНТ» акционерлік қоғамының мамандары жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі басқармаға сілтеме жасап.
Энергетика нысанында қолданылып келген ескі жоғары вольтты ажыратқыштар мен жабдықтар заманауи, сенімді әрі қауіпсіз элегазды үлгілерге алмастырылуда. Бұл жаңарту апатты жағдайлардың алдын алып, электр энергиясын үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта ескі жабдықтар толықтай бөлшектеліп, олардың орнына жаңа жүйелер орнатуға дайындық жүріп жатыр.
Қазаншұңқырлар қазылып, қалып орнату, арматуралау және іргетас құю жұмыстары аяқталған. Бұл кезең – алдағы электр жабдықтарын монтаждау үшін маңызды құрылымдық негіз.
Жобаның табысты жүзеге асуы Риддер қаласы мен жалпы өңірдің энергия жүйесін жаңғырту ісінде маңызды рөл атқарады.




