Азаматтық қоғамның жаңа кезеңі: 104 грант бөлініп, 27 мың игі іс атқарылды
Қазақстан қазіргі таңда азаматтық қоғамды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен ашық диалогты нығайту бағытында жүйелі шаралар атқарылып, азаматтардың бастамаларын қолдау ісі кең ауқымда жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XII Азаматтық форум қатысушыларына жолдаған үндеуінде азаматтық қоғамды нығайту ел дамуының басты басымдығы екенін ерекше атап өтті. Президент атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде қоғам өмірінің маңызды қағидасына айналды.
Бұл бағытта мемлекет азаматтардың белсенді қатысуын ынталандырып, үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыруға айрықша назар аударып келеді.
2021-2024 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық қоғамның құқықтық кеңістігін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Осы кезеңде бірқатар маңызды заңнамалар қабылданды: «Қоғамдық бақылау туралы» Заң; «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Заңға түзетулер пакеті; «Волонтерлік қызмет туралы», «Қайырымдылық туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Медиация туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарға толықтырулар енгізілді.
Сонымен қатар бұл заңдарды тиімді іске асыру мақсатында 14 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде қоғамдық кеңестердің рөлі айтарлықтай күшейіп, азаматтардың шешім қабылдау процестеріне қатысу деңгейі артты.
Қазіргі таңда республика бойынша 264 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олардың құрамындағы азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі 86%-ға жеткен. Жастардың қатысу деңгейі де артып, бүгінде 15% көрсеткішке ие. Бұған қоса, квазимемлекеттік секторда алғаш рет 13 жаңа қоғамдық кеңес құрылып, азаматтармен тікелей кері байланыс орнатуға мүмкіндік берілді.
Азаматтық бастамаларды қаржылай қолдау жүйесі түбегейлі жаңартылды. Жобаларды іріктеудің көп деңгейлі механизмі енгізіліп, сараптама мен есеп беру рәсімдері жетілдірілді. Бұл өзгерістер нәтижесінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі екі есе артты; мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бағыттарының саны 21-ге дейін кеңейді; жүзеге асырылатын жобалар саны 22%-ға көбейді.
Соңғы бес жылда жалпы сомасы 10,3 млрд теңгені құрайтын 556 грант жүзеге асырылды. 2025 жылы 1,8 млрд теңге көлеміндегі 104 жаңа грант іске асырылуда. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарға арналған Мемлекеттік сыйлықақы конкурсы тарихтағы ең жоғары нәтижеге жетті, өтінімдер саны 135-тен 208-ге дейін өсіп, жеңімпаз ұйымдар саны 73-ке жетті. Бұл марапат иелерінің қатарында ауылдық бастамалар мен инклюзивті жобаларды жүзеге асырып жүрген ұйымдар да бар. Жалпы алғанда, 336 ҮЕҰ мемлекеттік сыйлықақымен марапатталды.
Азаматтық қоғамның дамуы волонтерлік мәдениетсіз мүмкін емес. Осы бағытта министрлік екі стратегиялық құжат қабылдады: 2021-2023 жылдарға арналған және 2024-2026 жылдарға арналған Жол карталары. Бұл құжаттар төрт стратегиялық бағыт пен 85 нақты іс-шараны қамтиды. Нәтижесінде республика бойынша 20 өңірлік волонтерлік орталық құрылды; республикалық фронт-офис жұмыс істей бастады; 275 волонтерлік жоба және 1200-ден астам волонтерлік бастама жүзеге асырылды.
Қазақстан волонтерлік қызметті халықаралық деңгейге шығарып отыр. Соңғы жылдары елімізден 21 волонтер БҰҰ аясындағы бағдарламалар бойынша Иордания, Кения, Таиланд және Түркияда еңбек етті. 2025 жылы олардың жетеуі өз миссиясын жалғастырып келеді.
Сонымен қатар биыл «Игі істер марафоны» шеңберінде 27 мыңнан астам игі іс жүзеге асырылды. Бұл – азаматтардың өз еркімен қоғам игілігіне қызмет етуге деген шынайы ниетінің дәлелі.
Қабылданған заңдар мен реформалар нәтижесінде мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы байланыс бұрынғыдан да нығайып, серіктестіктің жаңа деңгейі қалыптасты.
Енді үкіметтік емес ұйымдар тек әлеуметтік жобаларды орындаушы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің бастамашысына айналып отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі атап өткендей, бүгінде азаматтық қоғам – елдің тұрақтылығы мен өркендеуінің негізгі кепілі.
Қазақстан азаматтық қоғамды дамытудың жаңа кезеңіне өтті. Мемлекеттік институттар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ашық диалог пен өзара серіктестік елдің демократиялық өрісін кеңейтті.
104 грант, 27 мың игі іс және мыңдаған белсенді азаматтың еңбегі – елдің қоғамдық әлеуетінің артып келе жатқанының айқын айғағы. Бұл – Қазақстанның болашағы үшін жасалып жатқан игі қадамдардың бірі ғана.