Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет азаматтық қоғамның өрісін кеңейтуге әрдайым баса мән береді»
Республика күні қарсаңында Астанада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің серіктестігі» ұранымен өткен Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясында пленарлық отырыс өтті. Жиын жұмысына 700-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес қауымдастығы, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар бар. Сондай-ақ, форумға 38 шетелдік қонақ, оның ішінде 19 елшіліктің өкілдері, 10 халықаралық ұйым және алты елден келген делегаттар қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Пленарлық отырыс Мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашылды. Президенттің сөзін ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев оқып берді.
Іс-шара барысында үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тұрақты даму мен экологиядан бастап, цифрландыру, инклюзия және жастар бастамаларын қолдау сияқты негізгі бағыттар бойынша өздерінің сараптамалық баяндамалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Форумға қатысушылар мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы тиімді серіктестік – Әділетті әрі тұрақты Қазақстанды қалыптастырудың берік іргетасы екенін атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форум делегаттарына арнаған сөзінде мазмұнды баяндама жасаған барлық қонақтар мен спикерлерге алғысын білдірді. Ол бүгін айтылған идеялар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты іске асып, қоғамда өзара сенімді, әлеуметтік жауапкершілік пен ашық диалог мәдениетін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Аида Балаева Парламенттік реформаның маңыздылығын атап өтіп, бұл өзгерістер заңнамалық базаны жетілдіріп, мемлекеттік шешімдер қабылдау процесін барынша ашық әрі әділ ететініне назар аударды.
Соңғы бес жыл ішінде Азаматтық форумның қорытындылары бойынша әзірленген ұсынымдарға сүйене отырып, Қазақстанда стратегиялық маңызы зор бірқатар құжаттар қабылданды. Олардың қатарында «Азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы», «Қоғамдық бақылау туралы» заң, сондай-ақ онлайн-петициялар институтын енгізу жөніндегі заңнамалық түзетулер және өзге де маңызды бастамалар бар.
Сонымен бірге, қоғамдық кеңестердің қызметін реттеу, бейбіт жиналыстар өткізу, қайырымдылық пен волонтерлік қызметті дамыту, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыруды жетілдіру бағыттарында елеулі өзгерістер енгізілді.
Республикалық форумның алдында еліміздің барлық өңірлерінде осындай 20 аймақтық кездесу өтті. Оларға 3000-нан астам үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, жыл бойы салалық министрлер мен бейінді ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер ұйымдастырылып, олардың нәтижесінде 200-ден астам нақты ұсыныс дайындалды.








