KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін – азаматтық қоғам дамуының басты бағыты

18.10.2023, 19:17 305 Оразай Жеңісұлы

Осындай атаумен Астана төрінде өтіп жатқан Қазақстанның XI Азаматтық форумында қоғамды ұйыстырудағы мемлекеттің сенімді серіктесі – азаматтық сектордың рөлі айқындалды.

Алқалы жиынға үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, қоғамдық кеңес төрағалары, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, өңірлік және ұлттық даму институттарының өкілдері қатысып жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Іс-шараға қатысушылар азаматтық сектор өзекті елдік мәселелерді шешуде және демократиялық құндылықтарды нығайтуда үлкен рөл атқарады деген пікірде. Соңғы кездері ел билігі белсенді қоғамды қолдап келеді. Өйткені «қоғам-билік» форматындағы диалог пен коммуникация – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаттарын іске асырудың негізгі тетігі. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте қадап айтқан.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған делегаттардың айтуынша, өз өңіріңнің қоғамдық өміріне бейжай қарамау – патриоттықтың үлгісі.

– Мұнда билік пен қоғамның өзара іс-қимылының өте маңызды мәселелері талқыланып жатыр. Бүгінгі форумның алдында 20 өңірлік форум өтті. Облыс деңгейінде азаматтық қоғамның дамуына қатысты бірқатар мәселе талқыланған еді. Мұнда сол мәселелерді ары қарай зерделеп, ұсыныс енгізіп, өзге өңірлерден келген өкілдермен тәжірибе алмасамыз. Әртүрлі жобаларды тізе қосып, жүзеге асыратынымыз сөзсіз, – деді форум қатысушысы, «ШҚО Азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Аяужан Әшімова.

Форум екі күнге созылады. Екі күнде панельдік сессиялар, пікірталастар, дөңгелек үстел басында жиындар, конференциялар өткізіледі. Қоғамдық кеңес институттарын дамыту тақырыбы, азаматтық қоғаммен өңірлік әріптестік құру әдістері талқыланады. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың табысты әлеуметтік маңызы бар жобалары таныстырылады.

– Біздің делегация барлық саланы қамти алады. Әлеуметтану, әлеуметтік қорғау, ҮЕҰ жұмысы және тағы басқа. Қатысушылар арасында экоактивистер мен көпбалалы аналар да бар. Сондықтан ең толыққанды делегация екенімізді көрсетіп, барлық алаңда белсенді боламыз және  форумның пленарлық отырысына қатысамыз, – деді ШҚО делегациясының өкілі Елена Березинская-Абилова.

Ертең үкіметтік емес ұйымдар Әдеп және мінез-құлық кодексіне қосылу туралы меморандумға қол қояды. Сондай-ақ қайырымдылық саласындағы құрметті атақтар, республикалық «Тандау» сыйлығы, үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықтар салтанатты түрде табысталады. Екі күндік іс-шаралар легі осылай түйінделмек.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу