ШҚО: колледж студенттеріне АИТВ-ның алдын алу жолдары түсіндірілді
Өскемен қаласындағы Технология және сервис колледжінде АИТВ инфекциясының алдын алуға арналған профилактикалық дәріс өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен №2 емхананың жастар орталығының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Кездесуге колледж студенттері қатысып, салауатты өмір салты мен жеке денсаулықты сақтау тақырыбына қызығушылық танытты.
Мамандар АИТВ-ның жұғу жолдары, алдын алудың заманауи тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет беріп, тұрақты түрде тест тапсырудың маңыздылығын түсіндірді.
Шара барысында қатысушыларға жастардың АИТВ мәселесі жөніндегі білімін арттыруға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға бағытталған бейнеролик көрсетілді.
Әр студентке АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың АИТВ туралы сауатын арттырып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Айжанат Бақытқызы





