Аймақта АИТВ жұқтырғандардың саны азаймай тұр
Елімізде, соның ішінде облыста АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыру деректері азаймай тұр. Шығыс Қазақстан облысы осы ауруды жұқтырғандар саны жағынан алғашқы орында. Биыл жыл басынан бері өңірде АИТВ жұқтырған 273 науқас тіркелген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының ЖИТС-тің (СПИД) алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мамандарының айтуынша, биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 адамға аз. Алайда ауру ең көп Өскемен қаласында, Алтай ауданында, Риддер қаласында, Шемонайха мен Глубокое аудандарында тіркеліп отыр.
Науқастардың көбісі ота жасату алдында немесе дәрігерге қаралған кезде тапсырған қан талдаулары арқылы анықталған. Сондай-ақ, 17 адам өздігінен орталыққа келіп, АИТВ-ға қан талдауын тапсырған кезде ауру жұқтырғанын білген. Биыл анықталған 273 науқастың 37 пайызы – 40-49 жас аралығындағы, ал 33 пайызы – 30-39 жас аралығындағы адамдар.
— ШҚО ЖИТС орталығы халықты ақпараттандыру, алдын алу шараларын енгізу және тестілеудің қолжетімділігін арттыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда. 29 қараша күні Өскемен қаласындағы Буров көшесі, 21/1 мекенжайындағы ШҚО ЖИТС орталығында ашық есік күні өтеді. Осы күні таңғы 8:00-ден 15:30-ға дейін АИТВ жұқпасына тест тапсыруға болады. Ал 25 қараша күні ШҚУ бас корпусында студенттерге АИТВ туралы ақпарат беріледі, жастар осы шараға қатысып, тест тапсыра алады.
Биыл 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні «Дұрыс жолды – адам құқығы жолын таңдаңыз» деген тақырыппен өтеді. Бұл күн АИТВ проблемасына назар аударып, адам құқықтарын қорғау мәселелерін көтеруге бағытталған маңызды оқиға. Осыған орай, ШҚО ЖИТС орталығында 2024 жылдың шілде айында профилактикалық жұмыс бөлімі құрылды. Бұл халықты хабардар етуді күшейтіп, іс-шараларды үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік берді.
Жанаргүл Көкенайқызы
Фото: Аяужан Утеулинова