Өскемендіктер үшін Республика күніне арналған ерекше шара — «Оқырман трамвайы»
Республика күніне орай Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ерекше форматтағы мәдени шара ұйымдастырды. №3 бағыттағы трамвай маршруты бойынша өткен «Оқырман трамвайы» акциясы қала тұрғындарын әдеби әлемге саяхаттауға шақырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараның басты мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру. Трамвай жолаушылары Отан, ел мен жер, тіл мен діл, рух пен намыс тақырыптарында жазылған кітаптармен танысып, әдебиет әлеміне қадам басты.
Мерекелік көңіл-күйді сыйлаған акция барысында «Атамекен», «Қазақтай ел қайда» әндері шырқалып, жолаушылар өздері де өнерлерін ортаға салды. «Ашық микрофон» алаңында жолаушылар елге, Отанға арналған жылы тілектерін айтып, өлең оқыды.
Сонымен қатар трамвай ішінде сөзжұмбақтар шешіп, кітапханашылармен бірге патриоттық жырлар оқуға мүмкіндік берілді. Арнайы орнатылған QR-код арқылы қатысушылар Қазақстанның 25 бірегей көрікті орны туралы ақпаратпен танысты.
«Оқырман трамвайы» — Өскемен тұрғындарына Республика күні мерекесін ерекше форматта атап өтуге, әдебиетке және рухани құндылықтарға жақындай түсуге мүмкіндік берген бастама болды.
Жайна Сыранова






