Өскеменде Абай күніне арналған мерекелік кеш өтеді
gov.kz
8 тамыз күні Өскемен қаласында Ұлы Абайдың құрметіне арналған мерекелік шара өтеді. Кешкі сағат 16:00-де Ульба өзенінің бойындағы жаңа жағалауда театрландырылған қойылым, әдеби-музыкалық композициялар, ашық микрофон және арнайы көрмелер ұсынылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шара барысында көрермен назарына «Адам болам десеңіз» атты әдеби-музыкалық композиция ұсынылады. Сонымен қатар, «Жүректің көзі ашылса» атты театрландырылған қойылым қойылады. Қойылым Абайдың он жетінші қара сөзіне негізделген. Онда ақынның ұрпаққа қалдырған терең ойлы өсиеттері сахна тілімен жеткізіледі.
Шара қонақтары ашық микрофон алаңында өз ойларымен бөлісіп, Абай өлеңдерін оқи алады. Бұдан бөлек, балаларға арналған «Абай әлемі – балалар көзімен» комикс-аймағы жұмыс істейді. Мұнда «Ғылым таппай мақтанба», «Жаз», «Бес нәрседен қашық бол», «Қыс» секілді шығармалар бойынша балалар салған иллюстрациялар қойылады.
Кітап көрмесінде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектер ұсынылады. Сонымен бірге QR-код арқылы Абай өлеңдерінің аудионұсқаларын тыңдауға мүмкіндік беріледі.
Мерекелік кеш барысында Абайдың танымал әндері де шырқалады. Қонақтар «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» секілді туындыларды тыңдай алады.
Айта кетейік, Абай күні Қазақстанда жыл сайын 10 тамызда аталып өтеді. Бұл – ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеп, ұлттық бірлікті нығайтатын маңызды мәдени оқиға.
Шараны Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына қарасты облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырып отыр.
Елизавета Седых