KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями Штиль
498.34 519.72 4.85

Кедергісіз келешекке бірге қадам басайық

25.10.2024, 18:30 246 Айжанат Бақытқызы

Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы алғаш рет қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Мәңгі жаса, қыран елім Қазақстан!» атты мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерекелік іс-шара 25 қазан күні «Өскемен-1» теміржол вокзалында өтті. Пойыздарын тосып отырған жолаушылар өздеріне жаңа әлемнің бір бөлігін ашқандай болды. Себебі мұнда жолаушылар Л.Брайль қарпімен басылып шыққан кітаптарды тамашалап, «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітап көрмесінде мемлекетіміздің қалыптасу тарихымен, еліміздің басты рәміздерімен және қазақстандық үздік авторлардың шығармаларымен танысты.

– Республика күні – бүкіл халықтың мерекесі. Сондықтан біз Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне деген құрметті қалыптастыруға, Отанымыздың барлық тұрғындарының ұлттық бірлігі мен патриоттық сезімдерін нығайтуға ықпал ету үшін және  жолаушылардың назарына әлемді сипап сезетін ортаның, азаматтардың барын еске салу үшін осындай шара өткіздік. Жолаушылардың сапарын көңілді ету және келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында кітапхана қызметкері Денис Ишунин мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазақ зағиптар қоғамы» филиалының қызметкері Жанар Ислямова музыкалық нөмірлер орындады, - деп атап өтті кітапхана директоры Бекайым Қасымханқызы.


Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері ел тарихы мен Қазақстанның мәдени мұрасы жайлы «Туған өлкем» танымдық викторинасын және «Менің елім – менің туым» патриоттық акциясын ұйымдастырды. Қала тұрғындары мен қонақтарына жалаулар таратылды.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасы Республика күніне арналған мерекелік іс-шараны өткізуге Өскемен бекетінің алаңын ұсынғаны үшін «Қазақстан темір жолы» мекемесінің басшылығына, таратылған тегін туларға демеушілік көрсеткен «Ошлоков» ЖК басшысы Анатолий Ивановичке шынайы алғыстарын білдірді.

                                                                                                                                                           Ақерке Рағызбаева

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу