Тарбағатай ауданында жаңа баспаналардың кілті табысталды
Республика күніне орай Тарбағатай ауданында тағы бір игі іс жүзеге асты. Қабанбай ауылдық округіне қарасты Шорға ауылында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған жаңа баспаналардың кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін қуанышты сәт әрі өңірдің әлеуметтік дамуындағы маңызды қадам болды деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
25 қазан – Республика күні және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай, Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылдық округіне қарасты Шорға ауылында қуанышты оқиға болды. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында бой көтерген екі пәтерлі жаңа тұрғын үйдің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы қатысып, ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Жаңа қоныс иелері де өз қуаныштарымен бөлісіп, ел қамқорлығын сезінгендерін айтты.
Ауыл ақсақалдары да қуанышқа ортақтасып, ақ тілектерін арнады.
Айта кетсек, Тарбағатай ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 103 баспана салынып, пайдалануға берілген. Биыл бұл бастама өз жалғасын тауып, облыс және аудан басшылығының қолдауымен тағы 20 жаңа үйдің құрылысы аяқталды.
Бағдарлама аясында бой көтерген үйлер ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жас мамандарды ауылға тартуға және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.


