KZ
Өскемен
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
504.76 593.8 6.5

«Бір қабатты Шығыс»: ауылдағы әр шаңырақ – ел бейнесі

23.10.2025, 17:00 226 Базарова Айгүл

Тарбағатай топырағында соңғы үш жылда жаңа үйлер бірінен соң бірі бой көтеріп, ауыл келбетін түбегейлі өзгертіп келеді. Бұл – «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының нақты нәтижесі, елдің әлеуметтік саясатының ең көрнекті көрінісі. Республика күні қарсаңында аталған бағдарлама аясында аудандағы көпбалалы отбасыға жаңа баспана кілті табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Халықтың әл-ауқатының басты көрсеткіші – баспанамен қамтылу деңгейі». Шығыста жүзеге асырылып жатқан бұл бағдарлама дәл осы мақсатқа қызмет етеді.

Жалпы, 2022 жылдан бері Тарбағатай ауданында 100-ден астам жаңа үйдің кілті берілген:

 • 2022 жылы – 14 баспана,

 • 2023 жылы – 27 баспана,

 • 2024 жылы – 62 баспана тұрғындарға табысталған.

Ал 2025 жылы ауданның барлық ауылында тағы 20 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – үйлердің барлығы бір қабатты, отбасылық өмірге лайық, ауылдық жердің табиғи келбеті мен тұрмысына үйлесімді түрде салынуы. Бұл – жылу, электр қуаты, жер телімі, шаруашылыққа қолайлы дейтін тұрмысқа қажет барлық факторлар ескерілген жобалар.

Жаңа үйлер ең алдымен әлеуметтік осал топтарға – көпбалалы аналарға, жас мамандарға, мүгедектігі бар жандарға және баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталады.

Мәселен, биыл Қабанбай ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылында жаңа үйдің кілті көпбалалы отбасыға табысталды. Бұл тек бір жанұяның қуанышы емес, тұтас ауылдың үміті мен еңбегінің жемісі.

Салтанатты рәсімге қатысқан Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлы:

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудың тиімді жолы. Бұл баспаналар әр отбасының тұрақтылығы мен болашағына берілген сенім кепілі». – деп атап өтті.

«Бір қабатты Шығыс» жобасы өңірдегі құрылыс индустриясын, жергілікті еңбек нарығын және шағын бизнесті дамытуға да серпін берді. Үйлердің басым бөлігі жергілікті құрылыс материалдарымен, жергілікті жұмысшылардың күшімен салынуда.

Бұл өз кезегінде ауылдағы жұмыспен қамту деңгейін арттырып, жастарды елді мекендерде тұрақтандыруға ықпал етуде.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділігі де артуда. Жаңа үйлермен бірге су, жарық, жол, байланыс жүйелері жаңартылып келеді. Мұның барлығы ауылдың жалпы даму индексіне оң әсерін тигізуде.

Ауыл – қазақ қоғамының түп негізі. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты дәл осы ауылдан басталып, елдің рухани және экономикалық тұтастығын қамтамасыз етуде. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы осы идеологияның нақты көрінісі болып отыр. Ол адамдардың өмір сүру мәдениетін, қауымдастықтың ынтымағын, жергілікті экономиканың тіршілігін жаңғыртудың бір бөлігіне айналды.

Ал Тарбағатайдағы әр жаңа үй – мемлекеттің әлеуметтік бағытының айғағы. Кеше ғана ескі үйлермен шектелген ауылдарда бүгінде заманауи, жылы әрі жайлы баспаналар тұр.


Фото: Тарбағатай ауданы әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу