«Әзілдің» шегі қайда? Депутат пранк қуған блогерлерге заңмен тосқауыл қоюды ұсынды
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер және Мәдениет министрліктерін жауапсыз пранк пен жасанды интеллект арқылы таралатын жалған контентке қарсы шаралар қабылдауға шақырды. Ол қоғамда адамды қорлап, қорқытып, мазақ етуге негізделген бейнежазбалардың көбейіп бара жатқанын айтып, мұндай әрекеттерге тек заңмен тосқауыл қою қажет екенін талап етті, деп хабарлайды Altainews.kz Мәжіліске сілтеме жасап.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев қоғамда белең алған жауапсыз пранктер мен жасанды интеллект арқылы таралатын жалған контентке қарсы қатаң шаралар қабылдауды ұсынды. Ол осы мәселеге байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденовке және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «әзіл» мен «пранк» деген желеумен қоғамның тынышын алатын, адам құқығын таптайтын бейнероликтер көбейіп кетті.
Депутат нақты мысалдар келтірді. Мәселен, Астанада блогерлер лифтке «жалған мәйіт» кіргізіп, жарықты өшіріп, адамдарды қорқытқан. Елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп жұрттың зәре-құтын алған. Алматыда блогерлер аула сыпырушыларды мазақ етіп, қоқыс лақтырған бейнежазба түсіріп таратқан. Бір блогер тірідей табытқа жатып, өзін көміп, «24 сағат табытта» атты челлендж бастаған.
Хәкім Абайдың «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тимек» деген сөзін мысалға келтірген депутат, қазіргі қоғамда сол өлшемнен асып кеткендердің әрекетіне заңдық тосқауыл қою қажет екенін айтты.
Депутат министрліктерге заңнамалық және технологиялық бірқатар нақты ұсыныс енгізді:
- Пранк жасаушылар мен фейк контент таратушыларға қатысты заңнамалық шараларды күшейту;
- Әлеуметтік желілерде бірыңғай бақылау жүйесін енгізу;
- Кінәлілердің парақшаларын бұғаттау және әшкерелеу;
- Жасанды интеллект көмегімен жасалатын жалған контентті анықтайтын тетіктер құру.
Сәрсенғалиевтің пікірінше, ақпараттық кеңістіктегі этиканы сақтау және мәдениет қалыптастыру — қоғамның қауіпсіздігі мен моральдық тұтастығын қорғаудың басты кепілі.