Депутаттар дипфейктер мен интернет алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуді ұсынды
Мәжіліс отырысында жасанды интеллектті пайдалану саласындағы қауіптер мен цифрлық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Сергей Пономарев дипфейктерді реттеу жөніндегі заңнаманы күшейту қажеттігін айтып, жалған бейне мен суреттердің таралуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мәжілістің пленарлық отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Сергей Пономарев Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады. Ол өз сөзінде Қазақстан цифрландыру бағытымен белсенді ілгерілеп келе жатқанымен, технологиялардың жылдам дамуы артықшылықтармен қатар, елеулі сын-қатерлер де алып келетінін айтты.
Сергей Пономаревтің айтуынша, Дүниежүзілік экономикалық форум екі жыл қатарынан жалған ақпарат пен шындыққа жанаспайтын фактілердің таралуын жаһандық тұрақтылыққа төнетін басты қысқа мерзімді қатерлердің бірі деп атап келеді. Депутаттың өзі де дипфейктің құрбаны болғанын айтты: алаяқтар оның бейнесі мен дауысын қолдана отырып, атынан ақша сұраған бейнеролик жасаған.
Ұлттық қауіпсіздікке қатер
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік тұлғалар мен тіпті ел Президентінің қатысуымен жасалған дипфейктер қоғамдағы жағдайды тұрақсыздандырып, ауыр салдарға соқтыруы мүмкін.
Сергей Пономарев әлемдік тәжірибеден мысал келтірді. АҚШ-та дипфейктерге қатысты ережелер 2020 жылдан бастап Қорғаныс бюджетіндегі заңға енгізілген, Корея Республикасында сайлауалды үгіт кезінде дипфейктерді пайдалануға тыйым салынған, бірқатар елдерде түпнұсқа контентті цифрлық таңбалау және жалған бейнелерді автоматты анықтау жүйелері енгізіліп жатыр.
Оның айтуынша, тіпті білімді азаматтардың өзі де туыстарының немесе таныстарының дауысымен жасалған жалған аудио мен видеоларға алданып қалып жатады.
Заңнамалық ұсыныстар
Сергей Пономарев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне алдын алу шараларын қолға алуды ұсынды. Атап айтқанда, цифрлық контентті мониторинг және сараптау орталығына дипфейктерді жедел анықтап, бұғаттау міндетін жүктеу, әрбір азамат пайдалана алатын бейне мен суреттердің түпнұсқалығын растау жүйесін құру, азаматтарға дипфейкті ажырату және цифрлық алаяқтықтан қорғану тәсілдерін үйрету бойынша ақпараттық науқан өткізу, жасанды интеллект технологияларын заңсыз пайдалану үшін жауапкершілікті күшейтіп, синтетикалық контентті қолдану саласын шектеу қажет.
Депутаттардың бұл ұсыныстары тиісті министрліктердің қарауына жіберілетін болды.
Дамир Омаров
Аударған: Айна Бакимбаева