Аңыз спортшы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнир өтеді – ШҚО
Шығыс Қазақстанда ерік пен табандылықтың, өр рух пен қайтпас қайсарлықтың символы, ел спортының тарихында алтын әріппен жазылған тұлға, аңыз спортшы Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған турнир өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
2025 жылдың 31 қазанында Өскемен қаласында әйгілі спортшы, Мәскеуде өткен ХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің құрметіне арналған республикалық грек-рим күресі турнирі өтеді. Дода Өскемендегі Жекпе-жек сарайында сағат 15:00-де басталады.
Бұл күні елдің түкпір-түкпірінен жиналған үздік балуандар кілем үстінде күш сынасады. Көрермендерді тартысты белдесулер, әдіс пен айлаға толы сәттер және нағыз спорт рухы күтеді.
Жақсылық Үшкемпіров – ұлт мақтанышы. Жақсылық Әмірәліұлы 1951 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Олимпиададан бөлек, ол әлем чемпионы, екі дүркін КСРО чемпионы, спорт саласындағы көптеген марапаттардың иегері. Үшкемпіров тек спортта ғана емес, өмірде де елге үлгі болған тұлға. Тәуелсіздік жылдарында ауыл шаруашылығын дамытып, жастардың тәрбиесіне зор үлес қосты.
Оның есімі бүгінде мықтылықтың, рух биіктігінің және елге адал қызмет етудің символына айналды.
Бұл турнирдің басты мақсаты – ұлт батырының есімін ұлықтау, жас балуандарды ерлік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Бұл додада Жақсылық Үшкемпіровтың өмірлік ұраны – «Еңбек пен табандылық – жеңістің кілті» әр спортшының жүрегінде жаңғырады.