KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Дүниежүзілік дзюдо күні: Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерінің жылнамасы

otyrar.kz

28.10.2024, 09:30 161 Төлеуғазы Жансая

Бүгін, 28 қазан – Дүниежүзілік дзюдо күні. Бұл спорт түрі әлемде кеңінен таралған және танымал. Осы орайда, Altainews.kz оқырмандарға қазақстандық дзюдо тарихын еске түсіріп, басты жетістіктерімен бөліспек.

Қазақстандағы дзюдо тарихы 

Қазақстандағы дзюдо тарихы 1973 жылы алғаш рет отандық Федерацияның ашылуынан бастау алады. Алғашқы елеулі табысқа Кеңес дәуірінде Марат Азимбаев қол жеткізіп, Еуропа чемпионы атанды.

Жақсылық Үшкемпіров – тұңғыш Олимпиада чемпионы

1980 жыл – Жақсылық Үшкемпіров Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен алтын медальға ие болды. Бұл жеңіс оны қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы және бүкіл Одақ мақтанышы етті. Сонымен қатар Жақсылық Үшкемпіров 1981 жылы Әлем чемпионатында жеңіске жетіп, жас спортшыларға үлгі бола білді.

Олимпиада шыңына жеткеннен кейін, Үшкемпіров ауыл шаруашылығы мен қайырымдылыққа баса назар аударды. Ауыл жастарын спортқа баулу, оларды дамыту бағытында елеулі жұмыстар атқарды. 2020 жылы ол өмірден озғанымен, есімі қазақ спорты тарихында алтын әріптермен қалды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де ірі жетістіктерге жете бастады. 1993 жылы Макао қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан күміс медаль алды. 1994 жылы Азия ойындарында бес медальді жеңіп алып, бұл жетістіктер қазақстандық дзюдоның беделін одан әрі арттырды: Иван Карезелиди мен Серік Әлімжанов күміс медаль иеленсе, Серік Шәкімов, Серік Әдігенов, Ибрагим Вешоғұров елге үш қола жүлде алып келді.

Әлем чемпионаттарындағы жетістіктер

Қазақстандық дзюдоның жаңа биігі 2001 жылы әлем чемпионатында екі қола медаль иеленумен басталды. Асхат Шахаров пен Асхат Жіткеев ел тарихындағы алғашқы әлемдік деңгейдегі медальдарға ие болды. 2004 жылы Қазақстанда өткен Азия чемпионатында Асхат Жіткеев, Мұратбек Кипшақбаев және Базарбек Донбай алтын медальдарды жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы айшықты кезең болды.

2009 жылы әлем чемпионатында Қазақстан үшін алғашқы алтын медальді Максим Раков жеңіп алды. 2013 жылы Азамат Мұқанов әлем чемпионатында күміс медаль алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. 2014 жылы оның жетістігін Рүстем Ибраев қайталап, күміс медальді иеленді.

Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңістер

Қазақстанның алғашқы Олимпиададағы жетістігі 2008 жылы Пекинде өтті. Асхат Жіткеев Олимпиадада күміс медальға ие болып, қазақстандық дзюдоны халықаралық деңгейде әйгіледі.

2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында Елдос Сметов 60 кг салмақта күміс медаль алып, қазақстандық дзюдоны жаңа белеске көтерді. Сондай-ақ, Отгонцэцэг Галбадрах 48 кг салмақта қола медаль алып, Қазақстанның дзюдодағы беделін нығайта түсті.

2020 жылғы Токио Олимпиадасында қазақстандық дзюдошылар үлкен еңбек етті, бірақ жүлдеге қол жеткізе алмады. Алайда бұл Олимпиадада парадзюдошылар айрықша табысқа жетті. Паралимпиада ойындарында дзюдодан Теміржан Даулет 73 кг салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді, бұл Қазақстанның парадзюдо тарихындағы алғашқы Олимпиада жүлдесі болып саналады.

2024 жылғы Париж Олимпиадасы Қазақстанның дзюдо мен парадзюдо саласындағы үмітін жаңғыртуға үлкен мүмкіндік берді. Қазақстандық Елдос Сметов дзюдо спортынан елімізден шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Қазірге дейін еліміздің дзюдо спортының шеберлері Жазғы Олимпиада ойындарында екі күміс, екі қола медальға қол жеткізген еді. Оның екеуін Елдос жеңіп алды. Ол 2016 жылы Рио де Жанейрода күміс, 2020 жылғы Токиода қола медаль олжалаған болатын. 

Алдағы әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді

Қазақстан 2027 жылы өз тарихында екінші рет дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайды. Бұл шараны өткізу туралы келісім Венгрияда Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер арасында жасалды.

Қазақстандық дзюдошылар мен парадзюдошылардың халықаралық аренадағы жетістіктері ел спортын жаңа деңгейге көтеріп, жастарды ынталандыруда. Дүниежүзілік дзюдо күні – тәртіп пен табандылықтың символы ретінде, дзюдоның маңызын және болашақ жеңістердің негізін еске түсіреді.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу