KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Экономиканың 6,3%-ға өсуі: Президент тапсырмасы бойынша бизнесті қолдау және инвестиция тарту шаралары жүзеге асырылуда

30.10.2025, 14:30 150 Базарова Айгүл

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тапсырмалары аясында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған экономиканы дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда. 2025 жылдың тоғыз айында ел экономикасының өсуі 6,3%-ды құрады. Бүгінде көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz Үкіметке сілтеме жасап.

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсуі 6,3%-ға жетті, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 2,3 пайыздық тармаққа жоғары. Өсу қарқыны қаңтардан қыркүйекке дейін тұрақты түрде жеделдеді: қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3% және қаңтар-тамызда 6,5% болды.

Бұл нәтижелер экономиканы әртараптандыру мен салаларды теңгерімді дамыту саясатының тиімділігін көрсетеді. Өсімнің негізгі драйверлері көлік және қоймалау қызметтері (+21,2%), құрылыс (+14,9%), сауда (+8,8%), тау-кен (+9,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) болды.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі артып, орта және ұзақмерзімді тұрақты даму үшін берік іргетас қалануда. Қаңтар-қыркүйек аралығында инвестициялар жылдық мәнде 13,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 30,7%-ға ұлғайды.

Инвестициялық белсенділіктің жандануы екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелеу көлемін арттыруымен, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуымен және «Тарифті инвестицияға айырбастау» мен «Келешек мектептері» бағдарламаларының жүзеге асуымен байланысты.

Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар

Елімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны тұрақты түрде артып келеді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тіркелген кәсіпорындар саны 2 174 309-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға артқан.

ШОБ-тың экономикадағы үлесі 38,6%-ға дейін өсіп, өнім шығару көлемі 11,4%-ға ұлғайып, 18,7 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер елдегі кәсіпкерлік белсенділіктің жоғары деңгейін және бизнесті қолдау тетіктерінің нәтижелілігін дәлелдейді.

Бизнес ахуалды жақсарту

2024 жылы қабылданған бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі заң бизнесті тексеру санын айтарлықтай азайтты. Жаңа тәсіл бойынша қадағалау жүйесі профилактикалық шараларға басымдық беріп, тексеруден алдын алу тетіктеріне көшті.

Бас прокуратураның деректеріне сүйенсек, 2024 жылы 53 320 кәсіпкер тексерілген, бұл мораторийға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 42,1%-ға аз. 2025 жылы да оң үрдіс сақталуда: алғашқы алты айда тексерулер саны 46 375-ке дейін қысқарып, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,8%-ға төмендеді.

Сонымен қатар бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды. «1 in 2 out» қағидаты енгізіліп, жаңа талап енгізілгенде ескі екі талаптың күші жойылады. Бұл реттеу жүктемесін арттырмай, бизнестің дамуына қолайлы орта қалыптастырады.

Жыл соңына дейін рұқсат алу рәсімдерін оңтайландыру және біліктілік талаптарын қайта қарау жоспарланып отыр.

Мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы тиімді коммуникацияны қамтамасыз ету мақсатында «eGov Business» мобильді қосымшасы іске қосылды. «Менің бизнесім» атты жеке кабинет арқылы кәсіпкерлер 30-дан астам мемлекеттік қызметке қол жеткізе алады — кәсіпорынды тіркеу, салық күнтізбесін жүргізу, сертификат алу және цифрлық қолтаңба қою сынды қызметтер соның ішінде.

Бизнесті мемлекеттік қолдау

2024 жылдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам бизнес жоба қамтылды.

2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттерін субсидиялауды көздейтін жаңа жеңілдікпен несие беру тетігі енгізілді. Кредит сомасы 200 млн теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%, мерзімі – 3 жылға дейін.

«Өрлеу» бағдарламасы іске қосылып, оның аясында кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемемен 7 млрд теңгеге дейін кредит ала алады. Қазіргі таңда 392 млрд теңгеге 1 095 жоба қаржыландырылды.

«Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылды. Біріншісі 281 млрд теңгелік 1 618 жобаға қолдау көрсетсе, екіншісі 7,1 млрд теңгелік ірі жобаға кепілдік берді.

Бизнеске көрсетілетін 100-ден астам қаржылық және қаржылық емес шараларды біріктіретін Бірыңғай өзекті тізілім жасалып, оның орындалуын бақылауға арналған «Baqylauda» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған.

Инвестициялық саясат

Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ деңгейін $450 млрд-қа дейін арттырып, кемінде $150 млрд инвестиция тартуды көздеп отыр. Осы мақсатта 2029 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы жаңартылып, бизнестің бірыңғай экожүйесі қалыптастырылуда.

Инвестициялық штаб құрылып, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. «Инвестицияға тапсырыс беру» қағидаты енгізіліп, өңірлік және салалық ұсыныстар елдің бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып әзірленуде.

Құны $60 млн-нан асатын ірі жобалар үшін заңнаманың 25 жыл бойы тұрақтылығына кепілдік беретін арнайы инвестициялық келісімдер жасалады. 2024 жылы осындай 6, ал 2025 жылы тағы 21 келісім бекітілді.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысына ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген, «жасыл» және исламдық қаржы құралдарын қолдайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығы белсенді дамуда.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы

Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жетекші инвестициялық бағыттардың бірі мәртебесін сақтап келеді. ЮНКТАД деректеріне сәйкес, 2024 жылы теңізге шыға алмайтын елдерге арналған бес ірі greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанда жүзеге асырылған.

Өткен жылы елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $17,2 млрд-ты құрап, 45 жаңа жоба іске асырылды, 6 200 жаңа жұмыс орны ашылды.

Инвестициялардың негізгі бағыттары — тау-кен өнеркәсібі ($6,5 млрд), өңдеу өнеркәсібі ($2,8 млрд), сауда ($5,3 млрд), кәсіби және ғылыми қызметтер ($0,9 млрд). Негізгі инвесторлар қатарында Ресей, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытай бар.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялар ағыны $10,1 млрд-қа жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артқан.

Үкімет алдағы кезеңде де инвестиция тарту, бизнесті дамыту және экономиканы демонополизациялау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу