Қауіпсіздік — әр үйдің кепілі
Елімізде 2025 жылдың 22 қазанынан 22 қарашасына дейін жылыту маусымында өрттің және көміртек тотығымен улану жағдайларының алдын алу мақсатында республикалық өрт қауіпсіздігі айлығы өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Айлық аясында Шығыс Қазақстан облысында да қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тұрғын үй секторында профилактикалық рейдтер белсенді жүргізіліп жатыр. Әсіресе, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Рейдтерге құтқарушылармен қатар еріктілер, жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік қорғау қызметінің мамандары атсалысуда.
Түсіндіру жұмыстары кезінде мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, пештерді дұрыс пайдалану және мұржаларды уақтылы тазалау қажеттігін ескертіп, қауіптің алдын алу жолдарын түсіндіреді. Сондай-ақ, бірқатар үйлерге газ және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын арнайы құрылғылар орнатылды.
Жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағында 58 өрт оқиғасы тіркелген. Көпшілігі жеке тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарында болған. Қазіргі уақытта өңір бойынша 20 мыңнан астам үй тексеріліп, 21,5 мың адам қамтылған. Тексеру барысында 9 мыңнан астам үйде түрлі бұзушылықтар анықталған.
Бұдан бөлек, тұрғындармен 84 жиналыс пен кездесу өткізіліп, әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 318 қауіпсіздік құрылғысы орнатылды.
Құтқарушылар аймақтағы әрбір тұрғынды қырағылық танытып, пеш пен мұржаларды уақтылы тазалап, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Өйткені, қауіпсіздік — әр отбасының амандығы мен тыныш өмірінің кепілі.



