ШҚО-да өрт қауіпсіздігі бойынша 1379 заң бұзушылық анықталды
Жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік шаралары Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте талқыланды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Болат Тоқтарғалиев аймақтағы жағдай туралы статистикалық мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Облыстық ТЖД мамандарының мәліметінше, облыс көлемінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде, өрт салдарынан қаза тапқандардың саны 7%-ға төмендеген. Сонымен қатар, қысқы жылыту маусымы басталғалы бері көмірқышқыл газынан улану жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға азайған.
Бүгінгі таңда облыс аумағында әлеуметтік осал топтағы азаматтар тұратын пешпен жылытылатын 3 мыңнан астам үй бар. Рейд барысында мұндай үйлерден 1379 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде пешке от жағу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, мұржалардың тазаланбауы, пештің ақаулығы, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі уақытта 234 үйдегі бұзушылықтар толықтай жойылған. Бұдан бөлек, жылыту маусымы басталғалы бері әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлеріне 812 көміртегі тотығы датчигі орнатылған.
Арайлым Нығметоллақызы
Фото: Махаббат Ахметжанова