KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, З
502.57 591.68 6.42

Шертпе күйдің Шығыстағы шебері

2.11.2025, 16:30 224 Базарова Айгүл

Балапандарын жыланнан қорғап, жанын қоярға жер таба алмай шырқыраған бозторғай. Титтей ғана тіршілік иесінің жан арпалысы мен бейкүнә балапандардың шырылдаған дауысы. Ана-бозторғайдың ұясына төнген қатерді қақпайлаған кішкентай ғана қанаттарының тынымсыз сусылы. Тыңдаған адамның жан дүниесін тебіренткен осы бір аянышты күй – балапандарын құтқарамын деп өлімге басын тіккен бозторғайдың шарасыз жанталасымен аяқталады... Күй – қазақ халқының қазынасы, талайлы тағдыры мен тамырлы тарихы. Сондықтан, дүниеге келген әр күйдің шығу тарихы, өзіндік ырғағы мен сазы, тұтас табиғи болмысының болатындығы қазақ халқы үшін әлмисақтан белгілі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Күйді нақышына келтіріп шерте білу де, қос ішектен күмбірлей шыққан құдіретті туындыны жан-тәніңмен ұйып тыңдап, ұғына білу де өнер. Күйді тыңдай білуі жағынан басқа-басқа, дәл қазақ ұлысына өкпе айтуға қақымыз жоқ. Олай дейтініміз, қазақ осы күйді тыңдай отырып бірде жыласа, енді бірде осы күйдің құдіретімен уана да білген. Тіпті, жаугершілік замандарда осы күйдің құдіретінен рух алған қазақ қолдары, анталай келген жауын жермен жексен еткен. Бұл жайлы осы саланы зерттеп жүрген мамандар жазудай-ақ жазған. Айта берсек, ел арасында күйге байланысты аңыз-әфсаналар көптеп кездеседі. Біздің айтпағымыз, күйдің шығу тарихы да, күй туралы аңыз да емес.

- Осы бір қасиетті өнер еліміздің Шығыс аймағында қаншалықты дамыған? Бабадан балаға мирас боп жеткен құнды жәдігерге ие болып жүрген шығысқазақстандық өнерпаздар бар ма өзі?! Бар болса, олар жергілікті басшылар мен мәдениет мекемелерінен қаншалықты қамқорлық көріп, қаншалықты бағаланып жүр? - деген сауалдар кез келген көзіқарақты өнер жанашырын алаңдатары сөзсіз.

2001-ші жылдың желтоқсаны. Өскеменде Оралхан Бөкейге арналған дүбірлі айтыс болып, еліміздің түкпір-түкпірінен біраз ақын Алтай төрінде бас қостық. Айтыстың нағыз қызған шағы, екінші айналымы жүріп жатыр. Сахнаның сыртында дайындығымды пысықтап тұр едім, қасымнан өтіп бара жатқан ұзын бойлы, арықшалау жігіт ағасы бұрылып келіп, «Бауырым, домбыраңның күйі келмей тұр» деді салған жерден саусағымен домбырамды нұсқап. Бейтаныс адамның дәл айтысқа шыққалы тұрғанымда қолымдағы домбырамның құлақ күйіне шүйліккенін іштей жақтырмасам да, сыр бермедім...

Сол айтыста жолым болып, бас бәйге маған бұйырды. Сахнаға шығып құттықтаушылардың соңын ала, манағы домбырамның күйі құлағына жақпай қалған ағам арнайы келіп қолымды алды... Жанашырлық білдіргеніне рахмет айттым.

Қазақ шертпе күйінің негізін қалаушы, үш жүзден астам күйдің авторы, күйші-сазгер Байжігіт бабамыздың осы күнгі заңды жалғасы, шебер домбырашы, ҚР Мәдениет қайраткері, Тұрсынғазы Баяховпен таныстығымыз осылай басталған.

КҮЙТАБАҚТЫ ҰСТАЗ ТҰТҚАН КҮЙШІНІҢ СЫРЫ...

Негізі «Нағыз өнер адамында арқа болады» деп жатамыз. Сырт көзге томаға-тұйық, сөзге сараң көрінгенмен Тұрсекең де нағыз арқалы өнерпаз. Кез келген күй жайлы, оның шығу тарихы мен авторлары жайлы ағыл-тегіл шешіле сөйлеген шағында бір сәтке айналасын ұмытып кеткендей әсер етеді.

Қай күйдің қалай, қайда шыққандығын, жоғарғы сағасында қалай шертіліп, төменгі сағаға қалай ауысатындығын, домбыраның қағысы қай жерде баяулап, қай жерінде үдей түсетіндігін, қайырмасы неше рет қайталанатындығын әңгімелеп отырып, «Міне, мынау қара жорғаның желісі, мынау аққудың сұңқылы немесе қасқырдың ұлыған жері мынау» деп, қолына домбыраны ала сап, салалы саусақтарын перне бойымен бүлкілдете жөнеледі... Сонда барып, күйдің құдіреттілігіне сәл де болсын көзің жеткендей, жеткендей емес-ау, көзің ашылғандай күй кешесің.

Бірде, әлдебір күйшінің өмірі жайлы әңгімелеп отырып, көзіне жас алды. Сөздің шыны керек, екі жастың біріне келіп, ұл-қызынан немере сүйіп отырған атпалдай азаматтан мұндайды күтпеген едім. Не дерімді білмей, қарадай ыңғайсызданып қалдым. Көпке дейін өзімен-өзі болып, үнсіз отырып қалды... Ойын бөлмедім.

Әңгіменің ұзын-ырғасы, атақты Біржан салдың домбырасын тартып ап, басына қамшымен бір салған надан байдың қылығына ұқсас болатын-ды.

Тұрсекең, жаны қылдай нәзік боп келетін, өте сезімтал өнер адамы ғой. Тұмсығына қасиетті өнердің иісі де бармайтын әлдебір әпербақанға қор болған күйшінің дәрменсіздігі мен бейшара хәлі көз алдына елестеді ме екен?! Әлде, киелі домбыраның, оның шанағынан күмбірлей төгілетін құдіретті күйдің не екенін білмей өсіп келе жатқан бүгінгі дүмбілез ұрпаққа налыды ма...?! Кім білсін?

Олай дейтінім, Тұрсекең күй жайлы толғанып кеткен шақтарында:

- Күйді құлақпен емес, жүрекпен тыңдай білу керек. Кез келген күйдің болмысынан тек адам баласының көңіл-күйі ғана емес, бүкіл бір кезеңнің зобалаңын, шерменде болған халықтың мұңы мен шаттығын, күйзелісі мен күңіренісін, қала берді табиғаттың тылсым сырын аңғаруға болады, – дейтін қызбаланып.

Сосын, әрісі Байжігіт бабамыздан бастап, Байжұма, Ықылас, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сайдалы сары Тоқа, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Дина, Нұрғиса деймісің, қазақтың небір дәулескер күйшілерінің күй-тарихтары мен өмірбаяндарын баяндап кетеді.

Күй құдіретінің не екенін білмей өсіп келе жатқан, домбыра көрсе үрке қарайтын жас ұрпақ жайлы, солардың күй өнеріне, оны үйренуге деген құлшыныс, талаптары жайлы сөз болғанда да, домбырашы ағамыз сәл тосылыңқырап, үнсіз қалды.

Сәлден кейін барып:

- Біздің өңірде күй өнеріне құмартып «Үйренсем, меңгерсем деп жүрген жас буын өкілдері мүлде жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қандай да болмасын өнер иесі аяғы аспаннан салбырап түсе қалмайтыны белгілі. Әсіресе, ауылды жерлердегі мектеп қабырғасында жүрген жас талапкерлерді дер кезінде көп ішінен танып, талабын ұштап, бір сөзбен айтқанда жылтырап қана көрінген бұлақтың көзін аша білетін көреген жандар азайып барады. Сосын, біздің елде жалпы төл өнерлеріміз айтыс, күйшілік өнер, дәстүрлі әндер, көкпар және тағы сол секілді ұлттық құндылықтарымызды көңілдегідей насихаттап, жастардың қызығушылығын арттыруда бір немкеттілік пе болмаса енжарлық па, әйтеуір бір керітартушылық бар. Қарап отырсаңыз, көгілдір экрандардың барлығында қазаққа ешқандай қатысы, көк тиындық құны, не тәрбиелік мәні жоқ шет елдердің телесериалдарын көрсетіп кеп жатады. Ертеректе, есіңізде болса, ұлттық арнадан әр жексенбі сайын «Домбыра үйренейік» дейтін әжептәуір пайдасы бар, жап-жақсы сабақ жүргізілетін. Сол сабақ арқылы талай бүлдіршіннің домбыраға деген ықыласы ауып қана қоймай, араларынан мынау деген домбырашылар шыққан. Қазір ол сабақ жоқ. Сабақ болмағасын, талап қайтіп ұшталсын? – деді налығандай.

АРМАНЫ – ӨНЕР ОРДАСЫН «БАЙЖІГІТ» ЕСІМІМЕН АТАУ

Сонау Барқытбелдің баурайында дүниеге келіп, кейін Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесі мен Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясын ойдағыдай тәмамдаған музыканың кәсіби маманы жас буын өкілдерін домбыра тартудың қыр-сырына үйретіп қана қоймай, заманында әбден орыстанып кеткен облыс орталығынан алғашқылардың бірі болып қазақ ұлт-аспаптар оркестрін құрды.

Біраз жылдар бір кездері жұмыс істеп жатқан туған жерінен аттай қалап алдырған Өскемендегі өнер колледжінде білікті ұстаз бола білді. Жұбайы Гүлбаршын да өнер адамы. Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып, есімі елге мәшһүр Қаршыға Ахмедияровтан тәлім алған домбырашы. Ұл-қыздары ер жетіп, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың барлығы болмаса да, қайсыбірі қазақтың қара домбырасының құлағында ойнаған әке жолын қуып, өмірлеріне өнерді серік еткенге ұқсайды. Тұңғыш қыздары Әсем де, ұлдары Сәттібек пен Нұрлыбек те, шебер домбырашылар. Ал он үш жасар Самалы пианинода шебер ойнауды жетік меңгеріп бірнеше рет облыстық, республикалық байқаулардан жеңіспен оралған көрінеді. Басқасын айтпағанда, Сәттібектің күй өнерінен сонау 2000 жылдары республикалық «Шабыт» фестивалінің, оның бер жағында жеті мәрте республикалық байқаулардың лауреаты, атануының өзі көп нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па?

«Күйшілік өнердегі ең алғашқы ұстазым – күйтабақ» дейді, бұл күндері халық өнеріне қалтқысыз қызмет етіп, сол халқының құрметіне бөленіп жүрген азамат.

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демей ме, әңгіменің тағы бір орайы келгенде «Шіркін!» дейді, күйші.

– Өскемендегі өзім біраз жыл қызмет еткен өнер колледжіне заманында күйшілігі мен шешендігіне хан Абылайдың өзі тәнті болған шертпе күйдің негізін қалаушы, дүлдүл бабамыз Байжігіттің есімі берілсе арманым болмас еді.

Мені домбырашының бұл арманы ойландырып тастады. Өйткені көптеген ақын, жазушы, әнші, жыршы атанып жүрген өнер адамдарымен тілдесе қалсаң, «Үкімет менің көп жылғы еңбегімді дұрыс бағаламады. Маған тиесілі атақты менен әлдеқайда кейін шыққан пәленшекеңе беріп жіберді» деп өкпе айтып, немесе «Тұрып жатқан үйім ескі еді, соны бірдеңе ғып жаңарттырып алсам. Алдағы мерейтойымды ойдағыдай өткіздіріп ат мініп, шапан кисем» деп армандайтын. Қызық, бір терінің пұшпағын бірге илеп жүрсе де, бір-біріне мүлдем қарама-қайшы түсініктер. Ал, мен неше мәрте жүздесіп, түрлі тақырыптарға әңгімелесіп жүріп, Тұрсекеңнің аузынан бір рет болсын ондай сөз естімеппін. Құдды бір қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, уайым-қайғысы жоқ байдың баласы секілді. Шынайы өмірінде олай емес екені бесенеден белгілі. Қазақ, «Бөрі арықтығын білдірмес» деп осындай азаматтарды айтса керек.

Өнер өлкесіне өзіндік өрнегін салып, тиесілі еншісін ала білген шебер домбырашы, қарапайым қазақтың ұлы Тұрсынғазы Баяхов осындай.

Ол осы бір қарапайымдылығымен-ақ көптеген замандастарынан әлдеқайда биік тұр...

P.S.Таяуда күй өнері мен өңіріміздегі жас буын күйшілер өміріне қатысты тағы бір деректер алмақ ниетпен Тұрсекеңді іздестірген едім. Таппадым... Телефон нөмірін сұраған жігіттерден талантты тұлғаның өткен жылы дүниеден озғандығын естіп, көңілім құлазып қалды. Иә, мына баяны жоқ жалғаннан тағы бір өр мінезді өнерпаз, бармиағынан күй тамған талант өтіп кеткен екен.

Серік Құсанбаев 









Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу