Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдаланып отыр
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Даму» қоры еліміздегі бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдауды үш негізгі бағыт бойынша көрсетіп келеді. Жеңілдетілген несиелендіру, несиеге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Бұл құралдар кәсіпкерлер үшін бизнесті дамыту мен жаңа мүмкіндіктер ашудың тиімді тетігіне айналды. Осы қолдау шараларын белсенді пайдаланып жүрген Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық өндірістің нығаюына айтарлықтай үлес қосып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында елдің болашағы цифрлық технологиялармен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Осы бағытта «Даму» қоры шағын және орта бизнесті, сонымен қатар ірі инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып отыр. Олардың қатарында кәсіпкерлер арасында кең танымал болған «Өрлеу» жобасы, несиелерге кепілдік беру тетіктері мен өңірлік өзге де даму бағдарламалары барын айтады «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның ШҚО бойынша филиалының өкілдері.
Биыл қор қызметінде ауқымды өзгерістер орын алуда. Кәсіпкерлерге бұрыннан таныс қаржылық құралдар сақталғанымен, олардың ішкі құрылымы жаңартылып, жұмыс істеу жүйесі жылдам әрі тиімді бола түсті. «Даму» қоры енді қысқа мерзімді нарықтық емес тетіктерден бас тартып, ұзақмерзімді және тұрақты қолдау тәсілдеріне көшіп жатыр.
Мәселен, 2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы бұрынғы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жүйесіне балама тиімді шешім болып отыр. Бағдарламаның артықшылығы – кәсіпкерлер қаржыны еш кідіріссіз, тікелей ала алады. Несие мөлшерлемесі – бар болғаны 12,6%, ал несиенің ең ұзақ мерзімі – 10 жыл. Биыл Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында 36 жоба жалпы сомасы 11,2 млрд теңге қаржыландыруға қол жеткізді.
Сонымен қатар, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен екі жаңа Кепілдік қоры іске қосылды. Бірі құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобалар үшін, екіншісі одан жоғары жобаларға арналған. Бұл жаңашылдықтың басты тиімділігі – егер кәсіпкердің өз қаражаты жеткіліксіз болса, «Даму» қоры 2 жұмыс күні ішінде кепілдік бере алады. Бұл – бизнес үшін уақыт үнемдеу мен сенімді қаржыландыру мүмкіндігі.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Шығыс Қазақстан облысында 129 жоба кепілдік арқылы қолдау тауып, жалпы несие сомасы 33,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде қор тарапынан берілген кепілдік көлемі – 20,9 млрд теңге. Ал субсидиялау тетігі арқылы өңірде 105 шағын және орта кәсіпкерлік жобасы қолдау алып, олардың несие портфелі 15,1 млрд теңгеге жетті.
Оның айтуынша, осы кәсіпкерлер мемлекет қазынасына 435 млрд теңге салық төлеген. Бұл – қолдау шараларының нақты нәтижесі мен тиімділігінің айғағы.
Мемлекеттік көмектің шынайы әсерін аймақтағы кәсіпкерлердің жетістіктерінен де көруге болады.
Мысалы, 20 жылдан астам уақыт бойы өнеркәсіптік жабдықтар шығаратын ірі отандық кәсіпорын – «Силумин-Восток» компаниясы «Даму» қорының құралдарын тұрақты түрде пайдаланып келеді. Кәсіпорынның өндіріс директоры Александр Абросимовтың айтуынша, қордың көмегімен компания жаңа бағыттарды игеріп, өнім түрлерін арттырған.
«Силумин-Восток» өнімдерінің басым бөлігі жергілікті шикізаттан жасалады, ал өндірісте бірнеше жүз адам еңбек етеді. Компания алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қолдау әлеуметтік саладағы кәсіпкерліктің де дамуына жол ашуда. Соның бір айғағы – Өскемен қаласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған «Bastau» мектебінің ашылуы.
Оның айтуынша, мектептің жобалық қуаты – 108 орын. Алдағы жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған төрт жаңа сынып ашу жоспарланып отыр.
Жергілікті «ЖАС-ДӘН» компаниясы да «Даму» қорының қолдауын сезінді. Кәсіпорын «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жаңа жабдықтар сатып алған. Бұл – күнбағыс тұқымын калибрлеу мен тазалау желісін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Мемлекеттік бағдарламалар жас кәсіпкерлерге де жол ашуда. Мәселен, туристік киім мен жабдық өндіретін қазақстандық «Altai Outwear» бренді «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жеңілдетілген несие алып, айналым қаражатын толықтырған. Бұл – жас кәсіпорын үшін жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік берді.
Жалпы, жергілікті өндірістердің дамуы өңір экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Өз бетінше дамып келе жатқан бизнес жұмыс орындарын ашып, салық түсімдерін арттырады, өңірге жаңа қаржы көзін тартуға жол ашады. Сондықтан «Даму» қоры кәсіпкерлерге арналған қарапайым, түсінікті және тиімді қаржы құралдарын ұсынуды жалғастырып келеді.
Елизавета Седых
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников















