«Қауіпсіздік аумағы»: балалар мейірім мен сенімге толы мектеп құруды армандайды – ШҚО
Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының Өңірлік психологиялық қолдау және көмек орталығының ұйымдастыруымен «Қауіпсіздік аумағы» атты облыстық балалар жобалары байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бұл күн – тек байқаудың қорытындысы ғана емес, өңір оқушыларының өз мектебін барынша қауіпсіз, мейірімді әрі сенімге толы ортаға айналдыруға деген ниеті мен азаматтық белсенділігінің жарқын көрінісі болды.
Байқаудың басты мақсаты – білім беру мекемелерінде зорлық-зомбылықтың алдын алу, өзара сыйластық пен қолдау атмосферасын қалыптастыру. Шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген мектеп көшбасшылары, балалар белсенділері мен мектеп парламенті мүшелері қатысты. Олар мектепті барынша қауіпсіз, әр оқушы өзін еркін және сенімді сезінетін кеңістікке айналдыру жөніндегі өз идеяларын ұсынды.
Финалдық кезеңге ең үздік жеті команда іріктелді. Әр жоба – балалардың шынайы жанайқайы, қоғамды ізгілендіруге бағытталған батыл бастама.
Қатысушылардың идеялары мен жобалары бірінен бірі өтеді. Біреуі буллингтің алдын алуға арналған чат-бот ұсынса, енді бірі мектеп дипломатиясын дамытуды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуды мақсат етті. Әр жоба – оқушылардың шығармашылығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің айғағы.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделер келесідей бөлінді:
I орын – «Стоп буллинг: Голоса против насилия» жобасы, Риддер қаласындағы М. Горький атындағы негізгі орта мектебі;
I орын – «Чат-бот «Online дос»: сен жалғыз емессің!» жобасы, Самар ауданының №1 Самар орта мектебі (жоба сонымен қатар «Көрермен көзайымы» сыйлығын иеленді);
II орын – «Школа-Дипломат 2025» жобасы, Риддер қаласының №5 орта мектебі;
III орын – «Друг рядом» жобасы, Шемонаиха ауданының №1 Н. Островский атындағы негізгі мектеп-гимназиясы.
Қазылар алқасы ерекше актерлік шеберлік пен креативті тәсіл үшін «Зұлымдыққа қарсы ертегі: ертегі терапиясы арқылы бастауыш сынып оқушыларында буллингке қарсы дағдыларды қалыптастыру» жобасын үшін Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешені арнайы жүлдемен марапаттады.
Бұл номинацияда бір емес, екі жоба жеңімпаз атанды:
«Школа Мира: Мы вместе строим территорию безопасности» авторлары – Саратова Анастасия мен Пузакова Наталья, Өскемен қаласының №2 жалпы білім беретін мектебі;
«Қауіпсіздік аумағы» жобасының авторлары – Байсенова Әйгерім мен Рахатова Рамила, Өскемен қаласының №26 орта мектебі.
Олардың бастамалары тек мектеп ішінде ғана емес, қоғамда да бейбітшілік пен түсіністік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Финалистердің барлығы мадақтамалар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Ал ең үздік жобалар Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында енгізуге ұсынылды.
Бұл шараның мәні — байқаудағы жеңістерден де үлкен. Ол балалардың тек тыңдаушы емес, өз ортасын өзгертуші тұлға екендігін көрсетті. Олар қоғамға қарап емес, қоғамды өздері алға сүйрей алатынын дәлелдеді.
Бүгінгі жас буын – ертеңгі елдің келбеті. «Қауіпсіздік аумағы» жобасы осы сенімді нақты іспен дәлелдеп, жас ұрпақтың жүрегіне мейірім мен жауапкершіліктің отын жақты.
Өйткені, қауіпсіз мектеп – тек бейнекамера мен күзет емес, ол – бір-бірін түсінетін, қолдайтын, құрметтейтін балалар қоғамы.
Фото: ШҚО Білім басқармасы



