KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Осинов асуында және облыстық жолдарда тіркемесі бар көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді

4.11.2025, 19:30 159 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тіркемесі бар көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz.

ШҚО Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы 2025–2026 жылдардағы қыс мезгілі кезінде ауа райының күрт өзгеруі мен таулы аймақтардағы жолдардың тайғақ болуына байланысты бірқатар бағыттарда қозғалысқа шектеулер енгізілгенін хабарлады.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катон-Қарағай – Рахман қайнары» тасжолының 46–66 шақырымындағы (Осинов асуы) қауіпті учаскесінде, сондай-ақ облыстық маңызы бар келесі бағыттарда:

«Өскемен – Тарғын – Самар» (62–145 км),

«Өскемен – Таулы Үлбі – Северное» (18–60 км),

«Теректі – Ұранхай – Төсқайың» (7–57 км)
«3.7 – Тіркемесі бар көлік құралдарының жүруіне тыйым салынады» деген жол белгілері орнатылды.

Бұл дегеніміз – көрсетілген учаскелерде тіркемелері мен жартылай тіркемелері бар жүк көліктері, сондай-ақ басқа көлік құралдарын сүйреп келе жатқан машиналар қозғала алмайды. Мұндай шешім апатты жағдайлардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында қабылданған.

Полиция департаменті жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райының жағдайын және енгізілген шектеулерді мұқият ескеруге шақырады. Әсіресе таулы және тайғақ жолдарда жылдамдық режимін сақтау, көлікті техникалық тұрғыда дайындау және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету маңызды.

«Жол белгілерінің талаптарын сақтамау тек әкімшілік жауапкершілікке әкеліп қана қоймай, ең бастысы — адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Әрбір жүргізуші өз қауіпсіздігі мен өзгелердің қауіпсіздігі үшін жауапты», — деп атап өтті ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының өкілдері.

ШҚО Полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік құралдарын қысқы маусымға сай дайындауға және белгіленген шектеулерді елемеуге жол бермеуге шақырады. Бұл — әрбір жол жүрісіне қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу