Технология – игілік жолында: ШҚО-да цифрлық жобалардың жаңа легі жүзеге асырылуда
Жобалар халықтың өмір сапасын арттыруға, қалалық инфрақұрылымды дамытуға және басқару тиімділігін көтеруге бағытталған. Өңірде жасанды интеллект технологияларын енгізуге айрықша назар аударылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Сапарғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтуынша, облыста жасанды интеллект технологиялары сәтті қолданылуда.
Мәселен, медицина саласында PACS жүйесі жасанды интеллект элементтері арқылы медициналық суреттерді өңдеп, өкпе мен сүт безі қатерлі ісігін қоса алғанда, түрлі патологияларды автоматты түрде анықтайды. Бұл өз кезегінде диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, медициналық қызмет сапасын жақсартады.
Қалалық ортада да ІІ технологиялары қолданылады. Олар бейнебақылау деректерін талдап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамдық көліктің жұмысын автоматтандырылған диспетчерлік жүйелер арқылы оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Өңірде цифрландыру қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 5 839 бейнекамера жұмыс істейді. Олар Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында орналасқан. Барлық камералар деректерді облыс әкімінің ведомствоаралық жағдай орталығына және полицияның жедел басқару орталығына жеткізеді.
Қоғамдық және жол қауіпсіздігін күшейту жобасы аясында қосымша 243 «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. Оның 202-сі – Өскеменде, 24-і – Риддерде, 17-сі – Алтайда.
109 және 112 бірыңғай байланыс орталықтары азаматтардың өтініштерін қабылдау және төтенше қызметтердің жұмысын үйлестіру үшін заманауи цифрлық шешімдерді пайдаланады. 2025 жылдың қазан айында 109 нөміріне 2 221 өтініш түскен, жыл басынан бері – 25 675 өтініш. 112 нөмірі бойынша 3 930 қоңырау қабылданып, жалпы 10 айда 55 814 өтініс тіркелген.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысында тиімді мемлекеттік басқаруға, деректерді біріктіруге және интеллектуалды сервистерді дамытуға бағытталған тұрақты цифрлық архитектура қалыптасуда.
Бүгінгі таңда өңірдің ақпараттық кеңістігі 30-дан астам жүйеден тұрады. Олар облыс әкімдігі мен аудандық әкімдіктер, сондай-ақ бағынысты ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Біртұтас цифрлық экожүйеге көшу – барлық процестерді, яғни муниципалдық деңгейден облыстық деңгейге дейінгі басқаруды біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл ашықтықты арттырып, шешім қабылдау жылдамдығын және барлық салалардағы аналитикалық қолдауды күшейтеді.
Қазіргі таңда облыстың 357 елді мекеннің 235-і интернет желісіне қосылған. Бұл – өңір халқының 97,1%-ын немесе 706 мың адамды қамтиды. Жыл соңына дейін тағы 56 елді мекенге интернет жүргізу жоспарланған. Ал қалған 66 шалғай және аз қоныстанған ауылдарға интернет 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жеткізілмек.
Арнұр Сапарғалиевтің айтуынша, бюджет есебінен өңірде 14 антенналы-мачта нысаны орнатылған. Интернетке қолжетімділік Катонқарағай ауданындағы Топкаин, Глубоков ауданындағы Зимовье және Ұлан ауданындағы Жоғарғы Таинты ауылдарында қамтамасыз етілді. Бірқатар нысандарда қосу және тіркеу жұмыстары жүріп жатыр.
Өскемен қаласында «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС 5G мобильді байланысының 32 базалық станциясын орнатқан. Жыл соңына дейін олардың саны 62-ге жетпек.
Дегенмен кейбір қиындықтар да бар. Өңір тұрғындарының арасында радиотолқындарға қатысты қорқыныш – радиофобия байқалады. Кейбір тұрғындар көпқабатты үйлердің шатырына базалық станция орнатуға қарсы. Сол себепті облыс орталығында әлі де интернет қамтылмаған «ақ дақтар» бар. Бұл аумақтардың саны азайып келе жатқанымен, түбегейлі жойылған жоқ.
IT және инновациялар бағыты да дамып келеді. Бұл бағыттағы басты қозғаушы күштердің бірі – Oskemen Hub стартаптар мен IT-жобаларды дамыту орталығы. Мұнда шеберлік сабақтары, хакатондар және жасанды интеллектті қоса қамтитын жаңа технологиялар бойынша оқыту іс-шаралары өткізіледі. 2025 жылдың басынан бері хаб 79 іс-шара ұйымдастырып, оларға 1400-ден астам адам қатысқан.
Елизавета Седых
Фото: ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі