Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Информатика және жасанды интеллект» пәні енгізілді
altainews.kz
Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап «Информатика» пәнінің атауы өзгерді. Енді ол «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.
Былтырдан бері мектептерде жасанды интеллект технологиялары қосымша білім беру құралы ретінде енгізіле бастады. Қазіргі таңда 200 мыңға жуық педагог дайындықтан өтіп, жаңа бағыт бойынша дәріс беріп жүр.
Сонымен қатар министрлік дарынды оқушылар мен мұғалімдерді қолдауға арналған SMART Daryn ұлттық цифрлық платформасын іске қосты. Оның негізінде олимпиадалар мен конкурстарды онлайн өткізуге, тәжірибелі тренерлерден кеңес алуға және интеллектуалдық жарыстарға дайындалуға мүмкіндік бар.
Жаңа пән атауы мен цифрлық бастамалар білім сапасын арттыруға және заманауи технологияларды терең меңгеруге бағытталған.