KZ
Өскемен
-40°
туман жел 1 м/с, С
512.16 594.72 6.57

«Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде Шығыстың шебері өз өнімдерін ұсынды

13.11.2025, 11:30 179 Әбішев Ержан

Астанада «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесі өз жұмысын бастады. Биылғы байқауға еліміздің 20 өңірінен 50 үздік кәсіпкер қатысып, өз қолтаңбасы бар өнімдерін көпшілік назарына ұсынуда. Солардың арасында Шығыс Қазақстан облысының шеберлері де бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Глубокое ауданынан келген Нұржан Есхожин – ұлттық қолөнерді жаңғыртып жүрген шебер. Ол тері өңдеу мен қолдан бұйым жасауды кәсіп еткен.

– Барлық өнімім ауылдың өз шикізатынан дайындалады. Мысалы, теріні сүтке илеймін, сондықтан бұйым экологиялық таза. Ат әбзелдері, қамшы, торсық және тұрмыстық бұйымдар жасаймын. Ағашпен, сүйекпен және темірмен де жұмыс істеймін. Мақсатым – ата-баба дәстүрін сақтап, оны жас ұрпаққа үйрету, – дейді Нұржан шебер.

Семейлік Оксана Каливошкина көрмеге ұлттық тағам түріндегі сәндік сабындарымен қатысты.

– Бұл іспен төрт жылдан бері айналысамын. Көрме үшін палау, ірімшік, лағман, шақ-шақ, шай құйылған пиала түріндегі сабындар әзірледім. Сондай-ақ десертке ұқсас круассан, торт, рахат-лукум секілді нұсқалар бар. Өнімдерім Семей мен Алматы қалаларында сатылады, – дейді ол.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жоба 2021 жылдан бері жүзеге асып келеді. Мақсат – ауыл кәсіпкерлерін қолдап, жергілікті шикізаттан дайындалған өнімдерді дамыту және нарыққа шығару. Биыл бағдарламаға республикалық бюджеттен 181,7 миллион теңге бөлінген.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдық кәсіпкерлердің әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімнің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік беріп отыр.

Көрменің ашылу салтанаты TikTok платформасында тікелей эфир арқылы көрсетілді. Бұл жоба аудиториясын кеңейтіп, отандық өнімдердің танымалдығын арттыруға жол ашты.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың айтуынша, жоба халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, елдік ерекшелікті ескере отырып жүзеге асырылуда. 

2024 жылы бағдарлама жаңа бағыттарды қамтыды: ағаш өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі (түйе сүті, қымыз, бал, жент, шөп, жаңғақ), косметология және сүт өңдеу. Көрмелер 20 өңірде өткізілді. Нәтижесінде 805 өндіруші қатысып, 210 өнім түрі іріктелді.

Бағдарлама аясында 57 жаңа бизнес субъектісі құрылып, жалпы сомасы 229,8 млн теңгеге дейін гранттар берілді. 2025 жылғы 1 қарашаға дейін 1 058 кәсіпкерге 1 118 консультация ұсынылған.

Биыл наурыз айында Қазақстанның 14 өңірінен финалистер Астанада өткен «Наурыз базары» жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынды. Көрмеде 2 тоннаға жуық бал, тәттілер, сүт өнімдері, кептірілген және ысталған тағамдар, шөп шай мен бұлақ суы сатылымға қойылды.

Жоба шеңберінде отандық өнімдер шетелдік нарыққа да жол ашуда. 2025 жылғы наурызда 2023-2024 жылдардағы финалистер Токиодағы FOODEX JAPAN 2025 халықаралық көрмесіне қатысты. Қазақстандық бал мен Алтай шайына үлкен қызығушылық танытылды. Қызылорда облысының өнімі тіпті «Жапонияның үздік балы» байқауына ұсынылды.

Сондай-ақ, биыл 8 қазанда Алматыда «Nomad Bazaar» атты алғашқы тұрақты сауда алаңы ашылды. 50 шаршы метрлік аумақта жергілікті өндірушілердің үздік өнімдері қойылған. Жақын арада онлайн-сатылым мен жеке веб-сайт іске қосылмақ.

«Nomad Bazaar» бүгінде Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше сауда орнына айналды. Мұнда Орталық Азия брендтері біріктіріліп, аймақаралық ынтымақтастық пен отандық тауарларды ілгерілету жұмыстары жүргізілуде.


Ержан Әбіш 

Фото: Нұржан Есхожин мұрағаты

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу