Миллиардтаған теңгенің активі мемлекетке қайтарылды – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2025 жылғы қызметінің негізгі бағыттары мен нәтижелерін жариялады. Өңірде көлеңкелі экономикамен күрес, заңсыз қаржылық схемалардың жолын кесу, активтерді мемлекетке қайтару және экономикалық қауіпсіздікті күшейту мәселелері жыл бойы басымдықта болды. Департамент жүргізген жұмыс мемлекеттің мүдделерін қорғауға, өңір экономикасының ашықтығын арттыруға және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылы департамент өндірісінде жалпы залал сомасы 3 млрд теңгеден асатын 17 қылмыстық іс тергелді. Тергеу нәтижесінде 1,9 млрд теңгенің мүлкі өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды.
Білім беру саласындағы маңызды нысанның мемлекетке қайтарылуы да биылдың елеулі оқиғаларының бірі болды. Бұрын жекенің қалтасына заңсыз берілген «ВКРТ «Алтай» ЖШС ғимараты қайтадан мемлекет теңгеріміне өткізіліп, өзінің бастапқы құқықты иесі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің меншігіне қайтарылды. Аталған нысанның құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Осы арқылы стратегиялық маңызды білім беру инфрақұрылымына мемлекеттік бақылау толық қалпына келтіріліп, оның әрі қарай тиімді пайдаланылуына құқықтық негіз қалыптасты.
Табиғи ресурстарға бай Шығыс Қазақстанда пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілері де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы департамент алтын өндіруге қатысты екі заңсыз іс-әрекеттің жолын кесті.
Мемлекет басшысының вейп өнімдерін сатуға тыйым салу жөніндегі тапсырмасын орындау да департаменттің басты бағыттарының бірі. 2025 жылы вейптерді және оларға арналған никотинді сұйықтықтарды заңсыз сату бойынша үш факт анықталды.
Жалпы, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет кірісіне ондаған миллиард теңгенің активтері қайтарылып, көлеңкелі экономиканың негізгі бағыттарын қамтыған құқықбұзушылықтар тоқтатылды, қаржылық схемалар жойылды. Бұл шаралар өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қаржы айналымдарын ашық етуге және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану үшін қажетті алғышарттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алдағы уақытта да нақты нәтижеге бағытталған жұмысын жалғастырады. Активтерді қайтару, заңсыз схемаларды анықтау, қаржы айналымының ашықтығын арттыру және мемлекеттің мүддесін қорғау – департамент қызметінің негізгі басымдықтары болып қала бермек.
Айдос Мырзахметов
Фото: ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі



