Заңсыз шығарылған 1,7 трлн теңге мемлекетке қайтарылды
Коллаж: orda.kz
2022 жылдан бері жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге жуық заңсыз шығарылған активтер Қазақстан Республикасының меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия 325 млрд теңгеден астам соманы мемлекетке қайтару туралы келісімдер мен талаптарды, оның ішінде қолма-қол ақша түріндегі 272 млрд теңгені бекітіп қойған.
Сондай-ақ, мемлекет меншігіне 50 млрд теңгеден астам соманың еліміздегі және шетелдегі активтері берілді. Олардың қатарында бірқатар стратегиялық кен орындары, монополист компаниялар, ондаған мың гектар жер, сондай-ақ өндіріс орындары, қонақүйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, сәнді көліктер, зергерлік бұйымдар бар.
Мамыр айының соңында заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекет кірісіне тағы 235 млрд теңгені қайтаруды мақұлдағаны белгілі болды. Сондай-ақ, компанияның үлесі, жер телімдері мен Алматыдағы ғимараты мемлекет меншігіне өткен.