Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысты. Дәстүрлі жиынға 2 мыңнан астам адам, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, инвесторлар, ардагерлер, сондай-ақ аграрлық сала мамандықтарында оқып жатқан студенттер жиналды, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдіріп, ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы екенін атап өтті.
«Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Президент.
Бүгінгі ауыл шаруашылығына арналған форум осымен екінші мәрте өтіп отыр. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті мамандар арнайы келіп, қатысуда. Президент айтқандай, бұл іс-шараны жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады. Форумға қатысушылар салмақты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысы олардың әрбірін қарап, міндетті түрде ескеру қажеттігін баса айтты.
Айта кету керек, биыл Қазақстан диқандары 27 миллион тонна астық жинады.
«Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер».
Президент, сондай-ақ соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен өскендегіне де тоқталды. Ал жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жеткен.
«Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже. Сол себепті алдымен ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқталып өткім келеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елдегі мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажеттігіне де жіті тоқталды.
«Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар. Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс. Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға ғана берілуге тиіс. Бұл мәселеге ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылғанын жеткізді. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек деген Президент кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарап, Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу бағытындағы жұмыстың барысын 7 күннің ішінде баяндау қажеттігін нықтады.
«Екінші. Бұл – жер мәселесі. Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет. Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек. Келесі мәселе. Жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойынша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы қажет», - деді.
Су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту керек. Бұл ретте тапсырма бойынша Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізіледі.
«Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бойынша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарымен өзара байланысты болуға тиіс. Біздің ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз араларында келісілмейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұндайды доғару керек. Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Осыдан бес жыл бұрын бұл сан он есе аз еді.
«Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру керек. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе, шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты. Елімізде өндірілетін техника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұмысты бизнес өкілдерімен бірлесіп, әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шаруалар алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарым кезінде John Deere компаниясымен бірге құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл шаруашылығын цифрландырудың маңызына да ерекше назар аударды.
«Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн. Өздеріңізге мәлім, жаппай цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауымда басты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысында өткен кеңесте жиналған өнімді тиісінше сақтау және шығынды мейлінше азайту шараларын қамтамасыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты. Алдымызда цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтерінің көмегімен мемлекеттің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру міндеті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет. Бидайды қабылдауды және жөнелтуді есепке алатын электрондық жүйенің болуы жеке элеваторлар құрылысын қаржыландыру бағдарламасының міндетті бір шарты болуға тиіс. Бүгінде көптеген шаруалар технологиялық жаңашылдықты (смарт-ферма, агродрон, жер серігі технологиясы және ЖИ) белсенді қолдана бастады. Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгерістер болып жатыр деп айтуға әлі ерте», - деді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді интеграциялау қажет. Жекелеген «ақылды» шешімдерден толық цифрландырылған агроөндіріске көшу керек. Әрбір шаруашылық цифрлық технологияларды пайдалануға ниетті болғаны жөн. Бұл – Президент жүктеген міндет.
«Мемлекеттік қолдау өндіріске инновацияны, соның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізіп жатқан кәсіпорындарға берілуі қажет. Агроөнеркәсіп кешеніндегі ақпараттық жүйелерді оңтайландыруды жалғастырған дұрыс. Қазір олардың арасында байланыс мүлде жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешімдер қате статистика негізінде қабылданады. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі саладағы нақты жағдайды көрсетуге тиіс. Жинақталған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, салалық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды, сондай-ақ мәліметтер сапасын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электронды агроөнеркәсіп кешені платформасының базасында саланы кешенді басқаруға ықпал ететін ауыл шаруашылығы мәліметтерінің бірыңғай архитектурасын қалыптастырған дұрыс», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отырғанын да ашық айтты Президент.
«Терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жобалар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайды. Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе, озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек деп айттым. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден астам инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 триллион теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет», - деді.
Мемлекет басшысы сонымен қатар, стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алатынын айтты. Себебі, қазір әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді.
«Өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығаруымыз керек. Еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр. Қазақстан астығы Орталық Азия, Иран, Ауғанстан елдері секілді дәстүрлі нарықтармен қатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африкаға, атап айтқанда, Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир мемлекеттеріне де жеткізіле бастады. Бұл біздің астық экспорты географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Еліміз майлы дақылдар мен өсімдік майын да көптеп сыртқа шығара бастады. Өткен жылы біз халықаралық нарыққа 18 мың тоннаға жуық қой етін шығарып, осы сала бойынша 10 озық мемлекеттің қатарына ендік. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да мол. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 5 миллиард доллардан асады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Брендтерімізді кеңінен насихаттауға барынша қолдау көрсету – салалық құрылымдар мен елшіліктердің міндеті», - деді Президент.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізу үшін әуе тасымалдау әлеуетін белсенді қолдануды тапсырды. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін.
«Қазақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдердің бірі бола алады. Алғашқы кезекте Азия елдерін қамтамасыз етуіміз керек. Қой етін экспорттауда еліміз Моңғолия, Нидерланд, Испания және Франция сияқты мемлекеттерден кейінгі орында тұр. Бірақ бізде жайылымдық жер жеткілікті. Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін толық таныту үшін жағдай жасау қажет. Жолдауда аграрлық экспортты дамытудың жоспарын әзірлеу жөнінде міндет жүктедім. Бұл құжат логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегияны ескере отырып дайындалуы керек. Мәселен, Парсы шығанағы елдері біздің ет өнімдерін жыл бойы тасымалдауға ниетті. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісі дұрыс үйлестірілмеген әрі тиісті деңгейде реттелмеген. Көп жағдайда кәсіпкерлер жүкті жеткізу мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Бүгін маған тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жеткізіле бастағаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл тәжірибені аса дұрыс деп айта алмаймыз. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайлары логистикасы дамыған әрі халықаралық әуе бағыттарымен интеграцияланған өңірлік хабқа айнала алады. Оларға арнайы экономикалық аймақтар аясында артықшылықтар берілген. Әуежайлардың толық қуатында жұмыс істеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені Үкімет жан-жақты пысықтауы керек», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда саладағы маман тапшылығы мәселесі де форум барысында көтерілді. Бұл ретте Президент маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешілуі керектігін ескертті. Шаруалардан да квотаны көбейту туралы арыз түсуде.
«Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатыр. Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағдай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек», - деді.
Президент табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
«Тағы да қайталап айтқым келеді: ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаларды қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады. Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық. Еңбекқор, мақсаты айқын азаматтарымыз күнделікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосуда. Мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек. Біз бұл шаруаны назардан тыс қалдырмаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда