KZ
Өскемен
-6°
небольшой снег жел 8 м/с, З
517.66 606.49 6.44

Күршім ауданының өнімдері Өскеменде жәрмеңкеге қойылды

15.11.2025, 14:30 189 Базарова Айгүл

Облыс орталығындағы «Altay» көтерме-тарату орталығында өткен Күршім ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өскемендіктердің көңілінен ерекше шықты. Күннің ызғары мен суық лебі бетті қарып тұрса да, ауылдың дәмін, табиғи өнім алу үшін қала жұрты таңсәріден-ақ жәрмеңкеге қарай ағылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Алаңды кернеген әуезді ән, думанға толы көңіл-күй, қазанда бұрқыраған палаудың аңқыған хош иісі – бәрі бұл күнге өзіндік мерекелік сән берді. Ақ шаңқан киіз үйдің ішіндегі мол дастарханнан дәм татуға асыққан халықтың қарасы үзілген жоқ.

Күршім аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, жәрмеңкеге аудан шаруалары тоғыз түрлі негізгі өнім жеткізген. Атап айтқанда, 2,8 тонна сиыр еті, 3,5 тонна жылқы еті, 1,2 тонна қой еті, 900 келі балық, 500 келі бал, 50 келі сары май, 80 келі құрт, 90 келі ірімшік, 20 келі кілегей мен 180 келі түрлі тоқаш өнімдерін саудаға шығарды.

Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтері атсалысып, «Айтқожа», «Бауыржан», «Айым», «Артем», «Қарасай», «Мұрат», «Нұржан» тәрізді шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерлер өздерінің экологиялық таза өнімдерін арқалай жетті. Балықты «Төре Тоғам» ЖШС жеткізсе, аты бүкіл өңірге белгілі Маралды балын жеке кәсіпкер Исин алып келді.

– Бүгін біз тек Күршім ауылдық округінің өзінен 500 келі жылқы және 400 келі сиыр етін жеткіздік, – дейді «Бауыржан» шаруа қожалығының өкілі Тілеужан Советханова. – Құртымыз да, ірімшігіміз де бар. Мал жас, еті балғын. Тіпті соғымға деп тұтас мал сұрағандар болды. Бағамыз халыққа қолжетімді. сиыр еті – 3300 теңгеден, жылқы еті – 3100 теңгеден басталады. Барлық өнімдеріміз сертификатталған. Өзіміз өсірген соң, сапасына жауап береміз.

Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков жәрмеңкенің жалпы барысына тоқталып, ауданның қала тұрғындарына екі күн бойы тарту жасағанын атап өтті.

«Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында 14 қарашада аудан өнерпаздарының гала-концерті өтті. Жігіттер мен қыздар барынша дайындалып келді. Тіпті костюмдердің өзіне жиырма миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Бірақ ол – өнерпаздардың өзіне қалатын дүние, болашаққа жасалған инвестиция. Көрермендердің ыстық ықыласы бізге ерекше қуат берді, – деді аудан әкімі.

Өнім көлеміне тоқталған Мейіржан Әлбеков:

– Ауданнан 9 түрлі өнім алып келдік. Оның ішінде 2,8 тонна сиыр еті, 3,5 тонна жылқы еті, 1,2 тонна қой еті, бір тоннаға жуық балық, жарты тонна бал және өзге де тағамдар бар. Ет бағасы – 3000–3300 теңгенің шамасында. Бұл – базар бағасымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бүгін әкелінген тауарлардың жалпы құны 26,2 миллион теңгеге жетті. Ең қуантатыны – өнімнің 80–90 пайызы сол сәтте сатылып кетеді, – деді.

Әкім жәрмеңкені ұйымдастыру барысында байқалған бір түйткілді де жасырмады.

– Біздің шаруалар таңғы төртте жолға шығады. Бірақ мұнда келгенде, кей орындардың алдын ала жергілікті сатушыларға беріліп кеткен жағдайлары бар. Соның кесірінен екі шаруа қожалығы орын болмай, кері қайтуға мәжбүр болды. Мұндай олқылықтарды болдырмау үшін тиісті органдар бақылауды күшейтсе жөн болар еді. Дегенмен жәрмеңке жалпы сәтті өтуде, – деп түйіндеді ол.



Айна Бакимбаева 

Фото/видео: Руслан Акматалиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу