Өскемен – Қатонқарағай автожолының бір бөлігі уақытша жабық
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. 2025 жылғы 21 желтоқсан күні сағат 15:00-ден бастап «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Қатонқарағай – Рахман қайнары» республикалық маңызы бар автожолының 7–166 шақырым аралығындағы учаскесінде көліктің жекелеген түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Атап айтқанда, шектеу Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейінгі аралықта жүк көліктері мен қоғамдық көліктерге қатысты енгізілді. Мұндай шешім жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қабылданды.
Қазіргі таңда жол қызметтері мен жауапты мекемелер жағдайды бақылауда ұстап, ауа райының тұрақтануына байланысты тиісті шаралар атқаруда. Алдын ала мәлімет бойынша, аталған автожол учаскесін 2025 жылғы 22 желтоқсан күні сағат 06:00-де қайта ашылуы ықтимал.
Жүргізушілер мен жолаушылардан жолға шығар алдында ауа райы жағдайын және жолдың ашық-жабықтығы туралы ақпаратты нақтылап алулары сұралады. Қосымша және жедел мәліметтерді 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы тәулік бойы алуға болады.
Мамандар азаматтарды жолда барынша сақ болуға, шектеу талаптарын қатаң сақтауға және алыс сапарларды мүмкіндігінше кейінге қалдыруға шақырады.