Абай мұрасы – ұлт қазынасы
Алтай қаласында қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға өңірдің әр түкпірінен келген педагогтер, әдіскерлер және білім беру ұйымдарының басшылары Абай әлемін тереңірек зерделеп, оны жас ұрпақ тәрбиесіне тиімді енгізу жолдарын талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Конференция барысында қатысушылар мазмұнды баяндамалар ұсынып, заманауи білім беру технологияларын оқу процесіне енгізу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Олар Абай мұрасын оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялаудың әдістемелік қырларын ашып, оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту, рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, мәдени дүниетанымын кеңейту мәселелерін ортаға салды.
Шара қатысушыларын Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Аскарова құттықтап, өз сөзінде Абайдың рухани мұрасын сақтау мен оны дәріптеудің маңыздылығына назар аударды. Ол ұлы ойшылдың шығармалары жас ұрпақтың азаматтық ұстанымы мен отансүйгіштігін, жоғары мәдениетін қалыптастыруда бағыт-бағдар беретін құнды қазына екенін атап өтіп, ұстаздардың Абай идеяларын мектеп өмірінің ажырамас бөлігі ету жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
Конференция барысында педагогтер Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған сыныптан тыс іс-шараларды, әдеби байқаулар мен зерттеу жобаларын ұйымдастырудың озық тәжірибелерімен де алмасты. Ынтымақтастыққа толы диалог алаңы жаңа әдістемелік идеялардың дүниеге келуіне, сондай-ақ білім беру ұйымдары арасындағы өңіраралық байланыстың нығаюына жол ашты.
№11 орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Гүлдерайым Көпжасарова конференцияның Абай мұрасын сақтау мен оны жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен ұстаздарды біріктірген маңызды жиын болғанын атап өтті.
Фото: Алтай ауданы әкімдігі





