ШҚО-да Абай мұрасын ЖИ арқылы насихаттау өріс алып келеді
Шығыс Қазақстан– хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығы кеңінен зерттелетін және насихатталатын өңірлердің бірі. Ақын мұрасын зерделеу, оны жаңа буынға жеткізу, цифрлық технологияларды пайдалана отырып дәріптеу бағытында түрлі ғылыми, әдістемелік және мәдени шаралар ұйымдастырылып келеді.
Соның бір айғағы ретінде бүгін Ұлан ауданындағы Таврия орта мектебінде «Абай мұрасы және жасанды интеллект: Білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктер» атты әдістемелік интенсив өтті. Бұл шара қазақ әдебиеті мен білім беру саласындағы инновациялық тәсілдерді тоғыстыруды мақсат етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ашылу салтанатында Абай өмірінен алынған көріністер қойылып, жасанды интеллекттің көмегімен ақын әндерінің бірі орындалды. Филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, профессор Айжан Картева педагогтерге тағылымды дәріс оқып, Абай мұрасын оқытудағы заманауи тәсілдер мен жаңартылған білім беру бағдарламаларындағы рөлі туралы ой қозғады. Сонымен қатар ашық сабақтар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, мұғалімдер мен оқушыларға тың әдістемелік құралдар ұсынылды.
Бұл шараның маңызы – Абайдың рухани құндылықтарын жаңа технологиялармен ұштастыра отырып, жас ұрпаққа заманауи форматта жеткізуінде. Білім беру саласында жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін қарастыру, оқушылардың сыни ойлау дағдыларын жетілдіру және оларды ақын шығармашылығы арқылы адамгершілікке, даналыққа баулу – осы бастаманың негізгі бағыттары.
Абай мұрасын зерделеу және оны кеңінен насихаттау жұмыстары Шығыс Қазақстанда жалғасуда. Абай атындағы университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен мектептер ақын мұрасын жан-жақты зерттеуді және жаңа технологиялар арқылы жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етуде. Бұл – ұлттық рухани мұраны сақтау мен оны жаңа заман талаптарына бейімдеудегі маңызды қадам.
Ержан Әбіш