KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Жабайы шошқалар егінді отап, шаруаларды шығынға батырып жатыр 

depositphotos.com

17.11.2025, 15:00 160 Базарова Айгүл

Шекарадағы Марқакөл ауданында орналасқан бірнеше ауылдағы шаруашылық иелері жабайы доңыздардан зардап шегуде. Қыркүйек айында Былғары Табыты тұрғындарынан шағым түссе, қазір Ашалы мен Қарашілік ауылдарынан тағы да шошқаларға қатысты шу шықты. Қорсылдаған қабанның көбейгені соншалық, жазда бүтіндей алқапқа егілген картопты үйірімен бір-ақ сәтте қопарып, жоқ қылған, деп хабарлайды Altainews тілшісі

Егіншілікпен айналысатын бұл ауылдар биыл жабайы шошқалардың кесірінен қарбыз бен егіннен тосқан түсімнен құралақан қалған...

Тұрғындардың айтуынша, шошекеңдер жаз бен күзде жасыл желекті жұлып, бұлақтарды батпаққа айналдырған. Ал егістік жерлерден үйірімен бір өтсе, түгелдей тып-типыл ететін көрінеді. Егіннің тамырын қопарып, диқандарға орасан зиян келтірген, қаскөйлерді жергілікті жұрт «топырлатып атқысы келсе де», заң жүзінде рұқсат жоқ, қабан атуға тийым салынған.

– Жыл сайын бұл жағдай қайталана береді. Былтыр ғана бар еңбегіміз зая болып, қып-қызыл шығынға баттық. Олар бір-бірлеп жүрмейді де, бір өтсе тобырымен өріп жүреді. Заң бойынша оларды атуға құқық жоқ, амалсыз бармағымызды шайнап отырмыз. Кейде ауыл маңайын торуылдап жүрген доңыздарды да көреміз. Енді олар адамға, кішкене балаларға шапса не болмақ?, – дейді жоғарыда аталған ауылдардың тұрғындары.

Ал орман саласы мамандарының сөзінше, доңыздарды аулайтын арнайы мезгілі болады, табиғатқа олардың еш зияны жоқ, қайта пайда көп көрінеді.

– Біз жабайы табиғатты браконьерлерден қорғаймыз. Табиғат арасындағы теңгерімді сақтай отырып, олардың көбеюіне және мөлшермен азаюына жағдай жасаймыз. Аңшылық маусымы басталғанда, аңшылар келіп осында саятшылық құрады. Егер жабайы аңды қолға түсірсе, сәйкесінше ақша төлейді. Бір доңызды атқаны үшін шамамен 50 мың теңге төлеуге дайын болуы шарт. «Қорсылдақтардың» пайдасы да бар – олар жерді қопсытып, зиянды жәндіктермен қоректенеді, – дейді орман қызметкерлері.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі №252 бұйрығына сәйкес, қабандар саны реттеуге жататын жануарлар тізіміне кірмейді. Сондықтан доңыздарды егістік алқаптарда атуға рұқсат беру заңға қайшы. Қабандарды аулауға рұқсат беру және жолдама алу жергілікті аңшылық шаруашылықтарының құзырына бекітілген. 

Мамандар сөзіне құлақ түрсек, егіс алқаптарын үнемі бақылауда ұстау қажет. Айтуларынша, доңыздарды атпай-ақ үркітуге болады. Егіс учаскілерінде адам терінің иісі бар «HUKINOL» препаратын, дыбыстық және иіс шығаратын құрылғыларды пайдалануға болады.

Еске салайық, дәл мұндай жағдай осыған дейін Беларусь елінде де жиі тіркелген. Ауыл шаруашылығының кәсіпкерлері шығынға батып, зор залал келгендіктен, жергілікті атқарушы билік жабайы зиянкестердің санын қысқарту шараларын қолға алған. Марқакөлдіктер билік басынан осындай көмек керегін айтып, дабыл қағып отыр. Көмек болмаса, жыл сайын шығынға батқан шаруалардың жағдайы қиындай бермек.


Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу