Марқакөлде жағдай тұрақтанып келеді (видео)
Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Марқакөл ауданындағы жұрттың жағдайы тұрақтанып келеді. Қалың қардың құрсауында қалған ауылдарға жол ашылып, тебіндегі жылқылар етекке түсті.
Шекара шебіндегі Төсқайың ауылына дейін барып, қар құрсауында қалған ауылдағы жұрттың жағдайын біліп қайттық. Десе де қазір жағдай тұрақтанғанмен көктемде жұт бола ма деп жұрт алаңдап отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қыстың қамын жаз ойлайтын жұрт 12 күн бойы жолсыз жатса де азық-түлік тапшылығын көрмеген. Тек ғана тебіндегі жылқы жайылымсыз қалған. Осы жағдайға орай ШҚО ауылшаруашылығы басқармасы мен аудан әкімшілігі жылқыларды ойға түсіруге шешім қабылдаған. Боран және Қарашілік ауылдарынан жайылымдық жер беріп, жол бойына жем-шөп дайындады. Жұрт енді жұттан аман қалу үшін жылқыларын төменге түсіре бастады.