KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Өзіңді жоғалтпай, қалай ана болып қалуға болады?

18.11.2025, 20:00 145 Базарова Айгүл

Өскеменде он жылдан астам уақыт бойы қиын өмірлік жағдайға тап болған балалары бар әйелдерге арналған мекеме жұмыс істейді. Мұнда оларға уақытша баспана беріледі, қажетті құжаттарды рәсімдеуге және баласын тастамай-ақ өмірді жаңадан бастауға көмектеседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазақстанда «Ана үйі» жобасы 12 жылдан бері жұмыс істейді, Өскемендегі орталық та оның бір бөлігі. Оның міндеті – күнкөріссіз, қолдаусыз, баспанасыз қалған аналарға қолдау көрсету. Осындай үйлердің әрқайсысында әйелдер балаларымен уақытша тұра алады, тегін тамақтана алады, мамандық алады, өз бетінше өмір сүруге үйренеді. Осы жылдар ішінде елімізде осындай 20 орталық ашылды. Қазақстанның тәжірибесін бүгінде Өзбекстан, Қырғызстан, Украина және тіпті Малайзия қабылдауда.

Өскеменде «Ана үйі» 2014 жылы өз есігін ашты, содан бері ондаған әйелдер үшін өзіне қайта сенуге болатын орынға айналды.

Өңірдегі жобаға оның негізін қалаушылардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев жетекшілік етеді, ол елордадағы жұмысбастылығына қарамастан, арнайы құрылған қор арқылы туған жеріндегі «Ана үйіне» қолдау көрсетуді жалғастыруда.

2019 жылдан бастап қор базасында асырап алушы отбасыларға қолдау көрсететін және балаларды қамқорлыққа алғысы келетіндерге жәрдемдесетін Ұлттық бала асырап алу агенттігі де жұмыс істейді.

ӨМІР ТҮЙІНШЕККЕ АЙНАЛҒАНДА

«Ана үйіне» әртүрлі оқиғалары бар әйелдер келеді, бірақ барлығы дерлік үмітсіздік сезімімен келеді.

– Біз өз жұмысымызды алғаш бастаған кезде баспана перзентханада баладан бас тартқысы келген әйелдерге ғана бағытталды, – дейді Өскемендегі «Ана үйінің» үйлестірушісі Наила Оңғарбаева. – Қазір мұндай жағдайлар азайып кетті. Дегенмен, әлі де қолында баласы бар, аман қалуға тырысатын әйелдер көп. Кейде бұл отбасындағы зорлық-зомбылыққа, кейде қаржылық тәуелділік немесе үйден айырылып қалуға байланысты туындаған жайттар. Олардың ара-жігін ажырату мүмкін емес.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда «Ана үйі» «Үлбі» дағдарыс орталығы және ШҚО полиция департаментінің әйелдерді қорғау бөлімшесімен ынтымақтаса жұмыс істейді. Мамандар аналарға заңдарды түсінуге, белгілі бір жағдайларда қалай әрекет ету керектігін, өздерін және балаларды қалай қорғау керектігін түсінуге көмектеседі.

ШЫҒАТЫН ЖОЛ ҚАШАН ДА БАР

Жұмыс басталғаннан бері «Ана үйі» Өскемендегі медициналық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатты. Ауруханалар мен перзентханалар арқылы «Ана үйінің» қызметкерлері баладан бас тарту туралы шешім қабылдауға дайын әйелдер туралы естіп-біледі.

– Біз алғаш ашылған кезде қызметкерлеріміз перзентханаларға барып, буклеттер таратып, жиналыстарға қатысты, – деп еске алады Наиля Оңғарбаева. – Дәрігерлер мен медбикелерге, егер жас ананың қолдаушысы, баратын жері жоқ болса, оған көмектесетін орын бар екенін айтты. Қазір жүйе құрылды: егер анасы баладан бас тартқысы келген жағдай бола қалса, дереу бізге хабарлайды. Біз әйелмен кездесіп, әңгімелесеміз. Біз ешкімді райынан қайтуға көндірмейміз, тек басқа да жолдар бар екенін түсіндіреміз, оның жағдайын талдаймыз және қолдаудың қолжетімді нұсқалары туралы айтып береміз.

Қызметкерлердің айтуынша, көбінесе осы анамен сөйлесіп, оған көңіл бөлу, барлығын асықпай, таразыға салу шешуші факторға айналады. Жақындарының айыптауынан, қорқыныштан немесе түсінбеушіліктен шаршаған ана алғаш рет өзін тыңдап отырғанын көріп, өзінің қажетті екенін сезінеді.

Бас тарту туралы құжаттарға қол қойған әйелдің «Ана үйінің» өкілдерімен сөйлескеннен кейін перзентханаға оралып, баласын алып кететін жағдайлар аз емес.

ҮЙ АТМОСФЕРАСЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР БОЙЫНША ӨМІР

Өскемендегі «Ана үйі» шағын, балалары бар бес әйелге ғана арналған. Қазір мұнда төрт ана тұрады.

Бұл жер құстың ұясындай жинақы, атмосферасы өте жылы. Әйелдер өздері тазалыққа жауап береді, мәзірді бірге талқылайды, тамақ дайындайды, жалпы тәртіптің болуын бақылайды.

– Көптеген аналар үй шаруасын енді ғана игере бастады, – дейді Наиля Оңғарбаева. – Біз әдетте тәжірибелі үй шаруасындағы әйелдер білетін қарапайым, бірақ пайдалы кеңестермен бөлісеміз. Мысалы, сорпаға қосатын қуырылған көкөністерді мұздатуға және кейінірек қолдануға болады, артылып қалған қамырдан жаңа тағам ойлап табуға болады. Біз мәзірді бірге жоспарлауды, азық-түлікті үнемді жұмсауды, ештеңені ысырап етпеуді үйретеміз. Бұл жай ғана ұсақ-түйек емес – мұндай ұсақ-түйектерден жайлылық, сенімділік және сіздің қолыңыздан келетініне сенім пайда болады.

Иван Тургенев өзінің әңгімелерінің бірінде: «үйде тіршіліктің исі болуы керек»деп жазды. Бұл сөздер «Ана үйі» туралы айтылғандай. Бұл жерде ешқандай ресмилік, хлор иісі немесе аурухананың стерильді тазалығы сезілмейді. Бұл жерде өмірдің исі аңқып тұр – таза жаялықтар, үй тағамдары және үміт сезіледі.

ТҮЙНДІ ШЕШУГЕ АЛТЫ АЙ КЕРЕК

Әдетте әйелдер «Ана үйінде» алты айға дейін тұрады. Осы уақыт ішінде олар құжаттарды рәсімдейді, жәрдемақы алады, баспана және жұмысқа орналасу мәселелерін шешеді. Әр анаға жеке бағдарлама қолданылады.

– Әрқайсысының жағдайын түйіншекпен салыстыруға болады, – дейді Наиля Оңғарбаева. – Барлығы бір-бірімен байланысты: несиелер, тіркеудің болмауы, жанжалдар, аурулар, қорқыныш. Біз осы түйіншекті тарқатып, шешуді бастауға болатын жіптің ұшын табуға тырысамыз. Психолог оны «жұмсартуға» көмектеседі – өйткені әйелдер жаны жараланған, күшті моральдық күйзелісте келеді.

Мұнда келгендердің көпшілігінде тіпті тіркелу де жоқ. Онсыз әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы алу мүмкін емес.

– Бұл біз бастайтын бірінші нәрсе, – біз уақытша тіркеуге тұруға көмектесеміз, – деп түсіндіреді жоба үйлестірушісі.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕЛУ

– Біздің қамқорлығымыздағы келіншектердің 80-90 пайызының қарыздары бар. Қаржылық сауаттылық нөлге тең, шоттары бұғатталған. Көптеген адамдар пайыздардың қалай есептеліп, қосылатынын түсінбейді. Біз осы тұйық шеңберден қалай шығу керектігін, неден бастау керектігіне кеңес береміз.

Құқықтық қолдау – «Ана үйі» жұмысының тағы бір маңызды бағыты. Штатта жағдай кәсіби араласуды қажет еткен қамқоршылық даулары, құжаттарды рәсімдеу, сотқа арыздану кезінде жүгінетін адвокат бар. Бірақ, жұмыс істеген жылдары «Ана үйінің» қызметкерлері де заң тұрғысынан шнемішкеше шағатын, білімді болып алған.

Біз қазірдің өзінде ең көп таралған мәселелерге – ажырасуда, алиментті рәсімдеуге, әкесін анықтауда көмектесе аламыз. Мұндай жағдайлардың көбін мамандардан кем шешпейміз, – дейді Наиля Оңғарбаева.

Көптеген әйелдер жылдар бойы заңмен қорғалуға құқы жоқ некесіз өмір сүреді, тіпті егер әкесі ресми түрде танылған болса, ажырасуға өтініш бермей-ақ алимент алуға болатынын білмейді. Серіктесі отбасынан кетіп қалғаннан кейін, олар бауырына баласын басып, баспанасыз және еш жерден көмек күтпей, үмітсіз қала береді.

ТӘУЕЛСІЗ БОЛУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢА ДАҒДЫЛАР

Көмек бағыттарының бірі – жұмысқа орналастыру. Аналарға киім тігіп үйретеді, жұмыспен қамту орталығы арқылы қосымша ақша табуға мүмкіндік береді.

Кішкентай шеберханада әйелдер ойыншықтар, жастықшалар, көрпелер тігеді – барлығы өз қолдарын шыққан. Бұл өнімдерді қала тұрғындары қуана-қуана сатып алады.

– Бізден қалай көмектесуге болады деп жиі сұрайтындар бар, – дейді Наиля Оңғарбаева. – Әрине, біз кез келген материалдық көмек үшін ризамыз. Бірақ мен әрқашан «біздің аналарымыздың қолымен жасалған нәрсені сатып алыңызшы» деп өтінемін. Бұл жай ғана қолдау емес, бұл аналарымыздың өзін-өзі құрметтеуді түсінуі, соған оралуы. Сіз тек сұрап қана қоймай, өзіңіз ақша таба алатын болсаңыз, бұл мүлдем басқа сезім.

Мұнда аналарға жеке кәсіпті қалай ашуға болатындығы, мемлекеттік грант алуға, өз ісін бастауға болатындығы айтылады.

Кейбіреулер бұл мүмкіндікті шынымен пайдаланды.

«АНА ҮЙІНІҢ» ТҰРҒЫНДАРЫ

Анардың «Ана үйінде» тұрып жатқанына бір апта ғана болды. Ол 23 жаста, балалар үйінің түлегі және бір жасар баланы тәрбиелеп отыр. Баланың әкесімен ажырасқаннан кейін ол қолдаусыз және тұрақты баспанасыз қалды.

– Мен досыммен біраз уақыт тұрдым, бірақ ол жерде ұзақ тұра алмадым – оның да кішкентай баласы бар, бір жарым жаста. Бір бөлмелі баспанада бізге өте тар болды. Туыстарым жоқ, қолымдағы нәрестеммен барар жер, басар тауым жоқ. Бұл маған шешімі жоқ тұйық болып көрінді, – дейді жас ана.

Анар «Ана үйі» туралы кездейсоқ естиді, оған досы айтыпты. Ол көп ойланбастан, сайтта көрсетілген нөмірге қоңырау шалды.

– Мен қандай жағдайда екенімді түсіндіргенімде, Наиля Тулевкановна «Кел, бәрін шешуге болады, – деді. Сонда мен жалғыз қалмайтыныма бірінші рет сендім, – дейді Анар.

Анардың тіркеуі бар, сондықтан құжаттарды рәсімдеуде ешқандай кедергілер болған жоқ. Қазір ол тазалау компаниясында жұмыс істейді – жұмыс кестесін балабақша режиміне лайықтап, құруға болады. Ол қазір аяғынан тұрып кету үшін ақша жинап, баспана жалдауға мүмкіндік керек дейді.

Тағы бір оқиға – 34 жастағы Ирина туралы. Ол Ресейде тұрды, онда ол екі баланы дүниеге әкелді, азаматтығын алмады. Ажырасқаннан кейін ол үшінші баласына жүкті болған кезде Қазақстанға жер аударылды. Оның екі баласы – басқа елдің азаматтары. Бұл құжаттарды рәсімдеуді және әлеуметтік көмек алу мүмкіндігін қиындатты.

– Біз істің ерекше екенін түсіндік, – деп түсіндірді Наиля Оңғарбаева. – «Ана үйі» бес жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді қабылдайды, ал Иринаның үлкен қызы – жасөспірім. Бірақ біз бас тарта алмадық. Оның баратын жері болмады. Қазір үлкен қыз мектепке, кіші қызы балабақшаға орналастырылды.

Кейде адам тағдырына қатысты қалыптасқан ережеден шығуға тура келеді. Ең бастысы – әйелді қиындықпен жалғыз қалдырмау.

«МЕНІҢ ОРНЫМ ОСЫ ЖЕРДЕ ЕКЕНІН БІЛДІМ»

Наили Оңғарбаеваның тарихы да ерекше.

– Спитакта жер сілкінісі болған кезде мен бала едім. Теледидарда ата-анасыз қалған балалар туралы айтты. Мен анама көргенімді айтып, «оларды өзімізге алайық» деп қолқа салдым.

Өскен кезде Наила өзінің балаларды дамыту орталығын ашты, ол Балалар үйінің жанында, қоршаудың арғы жағында орналасқан еді.

– Мен өз жұмысымды жақсы көрдім: балалардың алғашқы жетістіктерін, олардың жетістікке жеткенде қаншалықты қуанатынын көру қандай бақыт, – деп еске алады біздің кейіпкеріміз. – Олардың ата-аналары дұрыс отбасы, жағдайлары жақсы адамдар еді, балаларына дұрыс қарайтын, балаларын бізге дамыту үшін әкелетін. Бірақ күн сайын таңертең жұмысқа бара жатып, мен көрші тұрған Балалар үйіне қарайтынмын, аналарсыз бөбектерді көріп, неге бұлай деп ойланатынмын....

Бірде ол кездейсоқ жаңа орталыққа жұмысқа қабылдау туралы хабарландыруды көреді. Ол тек қызыққаннан әңгімелесуге барады.

– Маған идеяның өзі қатты ұнады. Әңгімелесуден кейін олар маған қоңырау шалып, жұмысқа шақырды. Менің орталығымда бәрі жақсы жүріп жатты: топтарға балалар қабылданған, сабақтардың кестесі де жасалған. Содан кейін мен дамыту орталығымды сату туралы хабарландыру беруге шешім қабылдадым. Егер жақын арада біреу хабарласып жатса, онда бұл тағдыр болуы керек деп ойладым. Келесі күні кешке маған қоңырау шалды...

ЖАҢА ӨМІРГЕ ҚАДАМ

«Ана үйі» жай баспана емес. Бұл жерде әйел өзінің қадір-қасиетін, өзіне деген құрметті қайтарады, оған жаңа, тәуелсіз өмірді бастауға мүмкіндік беріледі.

Бұл жерде сорпа мен нәресте кремінің иісі аңқып тұр, тағдыры мұңдас жандар бірде жылайды, бірде күледі, ойыншықтар тігеді және болашаққа жоспарларын жазады. Күн сайын көмек күткен бір жан алғашқы қадамды жасайды – қоңырау шалып, есікті қағып, қолдау сұрайды. Көптеген аналар үшін осы қадаммен жаңа өмір басталады.



Роксана Глыбова

Айна Бакимбаева

Фото: Жібек НҰРАХМЕТ


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу