KZ
Өскемен
-17°
плотный туман жел 2 м/с, СБ
510.18 601.91 6.51

Шығыстың шаруалары цифрлық технологияларды кеңінен қолдана бастады

21.11.2025, 11:30 150 Ержан Әбіш

Шығыстың ауыл шаруашылығы жаңарып, толық цифрлық форматқа көшіп келеді. Дәлме-дәл егіншілік технологиялары, тығайтқыштар мен өсімдікті қорғайтын дәрілерді дронмен себу, GPS-навигация, автоматтандырылған кешендер және спутниктік мониторинг егістік жұмыстарының тиімділігін арттырып, шаруаларға тұқым мен жанармайды 10-15 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беруде. Мал шаруашылығында да жаңа дәуір басталды: смарт-фермаларда автоматтандырылған жемдеу жүйелері, роботтандырылған сауу жабдықтары қолданысқа еніп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар өнім сапасын жақсартып қана қоймай, еңбеккерлерге түсетін жүктемені де азайтады. Цифрландырудың нәтижесінде Шығыс Қазақстан агроөндірісі бәсекеге қабілетті жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

САУЫНШЫ-РОБОТТАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Бүгінгі таңда облыстың агроөнеркәсіптік кешені тек егін мен мал өсіруді қамтитын сала емес. Бұл – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне, экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне және тұрақтылығына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Облыстағы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі республиканың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің 5,5 пайызын құрайды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Анар Қажыбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Өңірде ауыл шаруашылығы жаңғырып, заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Бүгінгі таңда жалпы егістік аумақ 616 мың гектар болса, оның 40 пайыздан астамы (248 мың гектар) дәлме-дәл егіншілік элементтерімен өңделеді. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

– Егіншілікте автоматтандырылған басқару жүйесі бар тұқым себу кешендері маңызды рөл атқарып отыр. GPS-навигация және қашықтан бақылау жүйелерімен жабдықталған бұл техника шаруаларға себу тереңдігі мен енін дәл сақтауға, тұқым мен жанармайды 10-15%-ға үнемдеуге, біркелкі өскін алуға мүмкіндік береді. Автоматтандырудың арқасында шаруашылықтар бір күнде 100-150 гектарға дейін жерді өңдей алады. Бұл – өнімділікті арттырып, агротехникалық мерзімдерді уақытында сақтауға жағдай жасайтын маңызды артықшылық, – деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Өңірде кең қолданылып жатқан технологиялардың қатарына дрон арқылы тыңайтқыш пен өсімдік қорғау дәрілерін дәлме-дәл себу (ресурстарды 25%-ға дейін үнемдеу), топырақтың ылғалдылығы мен қышқылдығын анықтайтын датчиктер, спутниктік мониторинг және интеллектуалды суару жүйелері енеді. Бұл шаралардың нақты нәтижесі көрініп отыр. Биыл облыс бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 23 центнер болса, дәлме-дәл егіншілік қолданылған алқаптарда өнімділік гектарынан 40 центнерге дейін жетті.

Өңір алдағы уақытта да цифрландыруды дамыта бермек. Себебі артықшылықтары айқын – мол өнім, ресурстардың үнемделуі, климаттық қатерлерге төзімділік.

Мал шаруашылығы да автоматтандырылып келеді. Өңірде бірқатар озық смарт-фермалар жұмыс істейді. Оларда бағдарламаланған сауу залдары, автоматтандырылған жем-шөп беру және мал күтімі жүйелері, жем таратқыш-роботтар мен сауыншы-роботтар, баламалы энергия көздері, бұқаны компьютермен таңдау арқылы асылдандыру жүйесі қолданылады.

Қазіргі кезде облыста 33 заманауи мал фермасы бар, жақын уақытта Алтай ауданында «Мойылды Байқоңыр» фермасы іске қосылады. Ең технологиялық жеті ферманың қатарында Глубокое ауданындағы «ОХМК» ЖШС, Шемонаиха ауданындағы «Камышинское», «Заря» шаруа қожалықтары, Алтай ауданындағы «Средигорное-2» ЖШС, «Шығыс» ШҚ, Ұлан ауданындағы «Украинка» ШҚ, «Бобровка+» ЖШС бар.

Айта кету керек, «Бобровка+» – елімізде роботтандырылған DeLaval сүт кешенін алғаш болып енгізген шаруашылық. Бұл іс 2012 жылы жүзеге асқан болатын. Бүгінде облыста мұндай роботтандырылған фермалардың саны екіге жетті. «Бобровка+» тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі болып, аталған технология қазір Алматы облысында да қолданылуда.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешені заманауи технологияларды жүйелі енгізу арқылы сапалы өсім көрсетуде. Егін мен мал шаруашылығындағы цифрландыру, автоматтандыру және дәлдікті арттыру өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті етеді.

ЕУРОПАЛЫҚТАР АЛТАЙДЫҢ БАЛЫНА ҚЫЗЫҒЫП ОТЫР

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының мәлімдеуінше, өңірде азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Осы жылдың 10 айында өңдеу кәсіпорындары 232 миллиард теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 124%-ға артық. Азық-түлік өндірісінің индексі 113,8%-ды құрады, ал республика бойынша бұл көрсеткіш – 109%.

Жыл басынан бері бірқатар өнімдердің өндірісі едәуір артты, атап айтсақ өсімдік майы – 17%, ұн – 20%, сары май – 14%, балық өнімдері – 33%, кондитерлік өнімдер – 12%, шұжық өнімдері – 1,2%, жартылай фабрикаттар – 81% өсті.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан – еліміз бойынша өсімдік майын өндіруден көшбасшы. Май өнеркәсібі бойынша өңдеу қуаты – шамамен 959 мың тонна, облыста 13 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Өскеменде қуаты жылына 169 мың тоннаға жететін «Алтай Май» ЖШС-нің жаңа зауыты іске қосылды. Сонымен қатар Глубокое ауданындағы «Алтын Шығыс» ЖШС лецитин өндіру жобасын жүзеге асыруда. Елімізде мұндай өнім еш жерде шығарылмайды.

Сүт өңдеу саласы да дамып келеді. Қазір облыста 11 кәсіпорын бар, олардың жалпы өңдеу қуаты – 200 мың тонна. Осы жылы «Шығыс-Сүт» глазурь жағылған ірімшік өндірісін іске қосты, бұл өнім өңірде бұрын өндірілмеген болатын. Қазір сүт зауытының өндіріс қуатын кеңейту жобасы жүзеге асуда.

– Азық-түлік өңдеуші кәсіпорындарды қолдау мақсатында биыл «Агробизнес» бағдарламасы аясында несие беру басталды. Несие жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі, көлемі бағытқа байланысты 3 миллиард теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарына шикізатқа жұмсалған шығынды өтеу үшін субсидиялар беріледі, осы жылы аталмыш бағдарлама бойынша кәсіпорындарға бір миллиард теңгеден астам субсидия төленді, – деді басқарма басшысы.

Өңделген өнім көлемінің ұлғаюы ел ішінде қосылған құнды арттырады. Әр тонна өңделген өнім – жаңа жұмыс орындары мен экспорттық әлеуеттің көзі. Жыл басынан бері Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Ресей, Қытайға шамамен 90 мың тонна бидай, Қытай мен Литваға 1 мың тонна күнбағыс экспортталды. Жаңа нарықтарға шығу, сапа стандарттарын сақтау және отандық өнім брендін дамыту – өңір үшін стратегиялық міндет.

Қазір облыста «Катонқарағай табиғи балы» бренді тіркелген. Шығыс Қазақстанның бал өнімдері шетелде де танымал. Глубокое ауданындағы «SUN-Bee ALTAI» ЖШС осы жылдың наурызында Еуропалық одаққа бал экспорттау құқығы берілген алғашқы қазақстандық кәсіпорын атанды. Бұл Германия, Франция, Италия, Бельгия, Нидерланды, Испания, Польша сияқты 27 елге бал жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар осы жылғы 22 тамызда Мажарстанның екі ірі компаниясы Глубокое ауданындағы бал өндіретін «Пасека Буньковых» компаниясымен ынтымақтастық орнатты. 
Жуырда Шанхайда өткен 8-ші халықаралық көрмеде Шығыстың май зауыттары қытайлық ірі сауда компанияларымен май өнімдерін жеткізу бойынша 105 миллион доллардың шарттарын жасасты. Олардың ішінде «Altyn Shygys» және «Востоксельхозпродукт» кәсіпорындары бар. 

ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕСЕЛІ

Жыл сайын фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі, алайда олар тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмейді. Фермерлер өздерінің еңбектері арқылы ауылдың дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосады. Қазіргі ауыл – тек шаруашылықтар емес, сонымен қатар толыққанды инфрақұрылымы бар орта, онда жолдар, су жүйесі, интернет, медицина және білім беру мекемелері болуға тиіс.

Мысалы, «Шығыс-Сүт» корпорациясы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруде. Компания өндіріс қуатын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік дамуына да ерекше көңіл бөледі. Соңғы жылдары Украинка ауылында заманауи мәдениет үйі, фельдшерлік пункт, жастар орталығы және кітапхана салынды. Сонымен қатар дәріхана мен ауыл музейінің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда кәсіпорын еңбеккерлеріне арналған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. Келер жылы жұмысшыларға арналған жатақхана салынбақ. Қыста кәсіпорын жолдарды тазалап, мектеп пен мәдениет үйіне демеушілік көмегін көрсетеді.

«Камышинское» шаруа қожалығы да әлеуметтік жауапкершілік танытып, ауылды абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды қолдау және жұмыскерлердің тұрмысын жақсарту жұмыстарын атқаруда. Ферма коттедждік қалашықты, демалыс саябағын, шағын хайуанаттар бағын, балалар алаңдарын салуға қаржы бөлді, көшелерді көгалдандырумен, мектепті, балабақшаны және мәдениет үйін жөндеумен айналысады. Сонымен қатар ауылдық инфрақұрылымды дамытуға – жолдарды жөндеуге, су құбырларын төсеуге, көшелерді жарықтандыруға инвестиция салуда.

– Мемлекеттік қолдауға келсек, биыл облыстың аграрлық саласын субсидиялауға 26,5 млрд теңге бөлінді. Инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша былтыр үш жобаға 3 миллиард теңге несие беріліп, жеке инвесторлардан қосымша 2 миллиард теңге тартылды. Атап айтқанда «Елжас» ЖШС-нің 600 басқа арналған сүт фермасын жаңарту жобасы, «Шығыс-Сүт» ЖШС-нің ірімшік өндірісін кеңейту жобасы, «TarbagataiAgro» кооперативінің үнемді технологияларға негізделген суару жобасы несиелендірілді. Сондай-ақ республикалық бюджеттен алдағы уақытта 8 миллиард теңге бөлініп, 6 жобаны қаржыландыру жоспарланған, жеке инвестициялар көлемі шамамен 6 миллиард теңге болады, – деді Анар Қажыбекова.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 1,2 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта микрокредит беру үшін құжаттар қабылдануда. Сонымен қатар республикалық деңгейде қолдау көрсетудің жаңа құралдары енгізілетін болады. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке онлайн тапсырыс беру жүйесі, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларын кеңейту, оның ішінде «Қазақстанда жасалған» және «Агролизинг» бағдарламалары, аграрлық сақтандыру және кепілдік құралдарын дамыту механизмдері бар.

Облыстың негізгі мақсаты – жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған және тұрақты агроөнеркәсіптік кешенді құру. Ауыл шаруашылығы өңірлерді дамыту мен халықтың әл-ауқатын арттырудың қозғаушы күші болуға тиіс. Агроөнеркәсіптік кешен цифрлық шешімдер мен инновацияларға негізделген жоғары технологиялық салаға айналуы қажет. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында айтты. Форумда ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың ішінде біздің өңірден «Ахмадиұлы» шаруашылығының басшысы Бауыржан Рапеков пен «Верх-Катунь» ЖШС-нің бас зоотехнигі Манарбек Абдуллин болды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу