KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 8 м/с, СБ
519.61 610.13 6.54

Гендерлік саясат: Шығыстағы сырғалылар қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр

24.11.2025, 17:00 132 Базарова Айгүл

Қазіргі таңда қоғамның түрлі салаларында әйел адамдардың рөлі артып келеді. Бүгінгідей бүкіл технология атаулы қарыштап алға қарай дамып кеткен жаһандану заманында «әйелді жұмыс істемей үйде отыр, бала бағып, үй тірлігін жаса» деп, бір жақты отырғызып қоя алмайсың. «Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақылдың өміршеңдігін әрі сұраныста екендігін нәзік жандылар сөзімен де, ісімен де дәлелдеп жүр бүгінде. Жуырда «AMANAT» партиясының облыстық филиалынан сайланған депутаттар әйелдер қауымының өңірдің әлеуметтік саясатындағы рөліне қатысты өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінде «AMANAT» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтіп, онда қоғамдық даму, әлеуметтік саясат, гендерлік теңдік, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және инклюзивті қоғам құру бағыттарындағы өзекті мәселелер ортаға салынды. Алқалы жиынға облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, партия өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылық қауымдастық қатысты.

«Tomiris» – әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттырады

Алғашқы мәселе өңірдің саяси және қоғамдық процестеріне әйелдердің қатысуы тақырыбына арналды. «AMANAT» партиясының әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамытуға арналған республикалық «Tomiris» жобасы бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі екені белгілі. Жыл сайын аталған бағдарламаға Шығыс Қазақстаннан екі әйел қатысып, кәсіби және қоғамдық салада жаңа мүмкіндікке ие болып келеді.

Бүгінде басқаруда әйелдердің рөлі аса маңызды. Олар мемлекеттік басқаруға әлеуметтік жауапкершілікті, өзара ұтымды келісімге келуге ұмтылуды және шешім қабылдауда ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа бастап, осы жүйені енгізе отырып, өміршеңдігін көрсетті. 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Шығыс Қазақстанның халқы шамамен 724 мың адамды құрайды. Өңірде әйелдер саны ерлерден 30 мыңға (376 990) артық, ер адамдар саны – 346 997 адам. Партия тарапынан өңірдегі әйелдердің қоғамдық, экономикалық және саяси өмірге белсенді қатысуына талдау жүргізіліп келеді. 

Жиында тақырыпқа орай, негізі баяндаманы жасаған «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жетекшісінің орынбасары Райфа Сафиоллинова әйелдердің өңір дамуындағы рөлі жыл сайын артып келе жатқанын мәлімдеді.

– Облыс әкімдігі құрылымына 21 облыстық басқарма кірсе, солардың бесеуін әйелдер басқарады. Басқарма басшыларының 28 орынбасарының 12-сі немесе 43%-ы әйелдер. Басқармалардың ішінде 92 құрылымдық бөлім болса, олардың 52-сіне әйелдер жетекшілік етеді. Облыстағы 13 қала мен аудан әкімдерінің ішінде біреуі әйел адам. Қала мен аудан әкімдіктерінде барлығы 33 орынбасар қызмет етсе, олардың 7-еуі әйелдер (21%). Әйелдердің жетекшілік лауазымдарда болуы – теңдік пен демократия қағидаттарының нақты дәлелі. «Tomiris» жобасы әйел көшбасшыларға тың серпін береді. Нәзік жандар отбасы институтын нығайту, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсарту бойынша әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып келеді. Бұл – ел болашағы үшін аса маңызды бағыттар, – дейді Райфа Сафиоллинова.

Оның айтуынша, облыстық мәслихаттағы депутаттардың 28%-ы (32 депутаттың 9-ы) сырғалылар. Аудандық және қалалық деңгейде де бұл көрсеткіш 28 пайыз. Әйел депутаттар әлеуметтік әділдік, отбасы, ана мен бала құқығын қорғау салаларындағы заңнамалық бастамалардың басым денін ұдайы көтеріп келеді. Сонымен қатар, аймақтағы 141 үкіметтік емес ұйымның 111-ін (79%) нәзік жандар басқарады. Аудандық деңгейде бұл көрсеткіш 80%-ға жеткен.

– Бұл – әйелдердің азаматтық жауапкершілігінің, белсенділігінің және елдің дамуына қосқан үлесінің айқын көрінісі. Әйелдер қанаты – идеялар тоғысатын, нақты жобалар жүзеге асырылатын орта. Біз әйелдердің толыққанды дамуы мен өз әлеуетін іске асыруы үшін барлық жағдайды жасап келеміз, – деп түйіндеді сөзін Райфа Сафиоллинова.

BASТAU – балаларды қоғамдық ортаға қосуға үлкен мүмкіндік

Бұдан бөлек отырыста өңірде инклюзивті ортаны дамыту жайы да қаралды. Депутаттар ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру, әлеуметтік қолдау механизмдерін кеңейту және инклюзия мәдениетін нығайту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

– Біз күн сайын әрбір баланың жеке қажеттіліктеріне бағытталған әлеуметтік, білім беру және психологиялық қызметтердің кешенін көрсетеміз.
Маңызды оқиғалардың бірі – 2025-2026 оқу жылында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған BASТAU мектебінің ашылуы болды. Аталмыш мектеп инклюзивті ортаға арнайы дайындықсыз бара алмайтын АСБ (Аутизм спектрінің бұзылысы) және БЦСА (Балалар церебралды сал ауруы) диагнозы бар балаларға арналған. BASТAU мектебінің құрылуы – балаларды оқытуға және қоғамдық өмірге қосуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асыру бойынша көп жылдық еңбектің нәтижесі. Бұл – баршаға қолжетімді және сапалы білім беру қағидатын іске асыруға қосылған тікелей үлес, – деді филиалдағы Әйелдер қанатының «Инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу» бағытының кураторы, С.Аманжолов атындағы ШҚУ психология және түзету педагогикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры,
«DEMEY» оңалту және түзету орталығы» ҚБ төрайымы Мадина Ауренова. 

Куратордың айтуынша, мектептің басым бағыттарының бірі – ауылдық жерде және шалғай аудандарда оңалту және консультативтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, өңірлерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасы кейбір себептерге байланысты айтарлықтай төмендеп кеткен. 

Мәселен, ата-аналардың ерекше баламен жұмыс істеу формалары мен әдістері туралы ақпарат алуының жеткіліксіздігі, кадр тапшылығы, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі білімнің аздығы, инфрақұрылымдық ресурстардың шектеулілігі жұмыстың ойдағыдай алға басуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты ұйымдастырушылар Шемонаиха қаласында, Глубокое және Күршім аудандарында көшпелі консультациялық жұмыстар жүргізген. Қоғам үшін өте өзекті бұл бағыттың кедергілерін шешу жұмыстары алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса беретінін айтады мамандар.

Жәбірленушілерді қолдау жүйесін әлі де жетілдіру қажет

Депутаттардың қатысуымен қаралған тағы бір шетін мәселе ол аймақтағы – әйелдерге арналған дағдарыс орталығының жұмысы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары болды. Қатысушылар жәбірленушілерге көрсетілетін қолдау жүйесін әлі де жетілдіре түсу қажеттілігіне тоқталды.

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерімен белсенді түрде айналысады, сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қоса алғанда, әйелдерді қолдаудың маңызын талқылайды.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу заңдылық, қолдау және отбасыны сақтау, құпиялылық, әр адамға жекелей көзқарас қағидаттарына негізделеді. Әйелдер қанатының мүшелері отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән береді. Осы мақсатта зорлық-зомбылықсыз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға, отбасын нығайтуға және жастарды тәрбиелеуге бағытталған түрлі ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылады. Бұл іс-шараларға дағдарыс орталықтарының (бөлімшелерінің) тәжірибелі психологтары тартылады, – деді партия филиалындағы «Әйелдер қанатының» «Әйелдер зорлық-зомбылыққа қарсы» бағытының кураторы, «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету қалалық аумақтық орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Сәния Әубәкірова.

Облыстық мәслихат депутаты келтірген деректерге сүйенер болсақ, Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін Өскемен, Алтай қалаларында және Шемонаиха ауданында пана үйлері бар дағдарыс бөлімшелері ашылған.

Өскемен қаласында психологтар тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, сенім телефоны, консультациялық пункт, күндізгі бөлімше және 30 орынға арналған пана орталығы бар.

Қатысушылар жиынның қорытындысында аймақтағы әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірге белсенді араласуы – елдің тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі екендігіне бірауыздан тоқталып, осы қарқынан таймауға уағдаласып тарқасты.


Дәурен Аллабергенұлы 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу