Балаларды цифрлық қауіптен қорғау күшейді: 38 мыңнан астам зиянды ресурс бұғатталды
depositphotos.com
Қазақстанда "Киберқадағалау" мониторинг жүйесінің арқасында балалар үшін зиянды және заңға қайшы ақпаратты қамтитын 38 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталған деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Цифрлық технологиялардың дамуы адамдардың күнделікті өмір салтын ғана емес, балалардың да ақпаратпен қарым-қатынасын түбегейлі өзгертті. Интернет пен әлеуметтік желілер жаңа мүмкіндіктер мен жаңа қауіптердің қатар жүруіне алып келді. Бүгінде Қазақстанда жасөспірімдер виртуалды ортада бұрынғыға қарағанда әлдеқайда белсенді, ал бұл жағдай олардың қауіпсіздігіне байланысты жаңа міндеттерді мемлекетке де, ата-анаға да жүктеп отыр. Соңғы жылдары елде балаларды киберқауіптен қорғау бағытында бірқатар заңнамалық және технологиялық шаралар қабылданды. Мемлекеттік органдар қауіпті контентті анықтау, бұғаттау, алдын алу жұмыстарын күшейтсе, ата-аналарға арналған бақылау құралдары кеңінен енгізіліп келеді.
38 мыңнан астам қауіпті ресурс бұғатталды
Оқу-ағарту министрлігі мен уәкілетті органдардың мәліметінше, елімізде «Киберқадағалау» деп аталатын арнайы мониторинг жүйесі тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл жүйе интернеттегі заңсыз ақпаратты, балалар психикасына зиянды материалдарды және олардың дамуына теріс әсер ететін контентті анықтап, бұғаттауға бағытталған. Жүйенің жұмысы нәтижесінде 38 000-нан астам зиянды және заңға қайшы интернет-ресурс анықталып, қолжетімсіз етілген. Сонымен қатар қауіпті сайттарға, чаттарға, әлеуметтік желілердегі топтарға қатысты талдау үнемі жаңартылып отырмақ. Бұғаттау Қазақстанның «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заңына сәйкес жүргізілді. Бұл көрсеткіш интернеттегі қауіптің көлемі қаншалықты үлкен екенін көрсетеді. Мамандар мұндай контенттің айтарлықтай бөлігі агрессияны, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтынын, жалған ақпарат тарататынын немесе балаларды ересек өмірге ерте тартатынын айтады.
Ата-ана бақылауы — қауіпсіздіктің басты факторы
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова балаларды интернеттегі қауіптен қорғауда ата-ананың рөлі аса маңызды екенін айрықша атап өтті. «Бала қандай сайттарды қарайтынын, кіммен байланысатынын, қандай ойындар ойнап, қандай бейнелерді тұтынатынын бақылау — отбасының басты міндеті. Құрылғылардағы ата-ана бақылауы функцияларын қосу арқылы көптеген қатердің алдын алуға болады», — дейді ол. Мамандардың айтуынша, балаларға арналған құрылғыларға арнайы сүзгілер қою, уақыттық шектеулер орнату, қосымшаларды бақылау жүйесін пайдалану — тек техникалық шаралар емес. Ең алдымен бұл — балалардың интернет мәдениетін қалыптастырудың бір бөлігі. Балаға тыйым салу ғана емес, қауіптің не екенін түсіндіру, интернеттегі мінез-құлық ережелерін үйрету, оның қандай контентке қызығатынын бірге талқылау да маңызды.
Буллинг пен кибербуллингке қарсы заң күшейтілді
Жасөспірімдер арасындағы буллинг, әсіресе кибербуллинг соңғы жылдары аса өзекті проблемаға айналды. Осыған байланысты Қазақстанда 2022 жылы заңнамаға алғаш рет «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары енгізілді. Ал 2024 жылдан бастап буллинг жасаған адамдарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Биылғы жылдың 10 айында 339 әкімшілік іс тіркелген. Соның 198-і буллинг фактілеріне қатысты жауапкершілікке тартылған. Бұл деректер мектептерде, колледждерде, интернет кеңістігінде жасырын түрде болып келген буллингтің ашыла бастағанын көрсетеді. Бұған балалардың ақпараттық ресурстарға жүгіну мүмкіндігінің артуы да үлкен әсер еткен.
Балаларға арналған SIM KIDS енгізілді
Балаларды онлайн ортадан қорғауды күшейту мақсатында елімізде жаңа технологиялық құрал — балаларға арналған SIM KIDS картасы іске қосылды. Жоба алғаш рет Алматы қаласында пилоттық режимде сынақтан өтті және сәтті нәтиже көрсеткен соң бүкіл елде қолжетімді болды. Бас Прокуратураның мәліметінше, бұл SIM-карта балаларға зиянды контентті автоматты түрде бұғаттайды, телефон дыбыссыз режимде болса да ата-ананың баламен байланыс орнатуына мүмкіндік береді және ата-аналарға баланың мобайл қосымшалардағы белсенділігін бақылауға жағдай жасайды. SIM KIDS жобасы халықаралық тәжірибеде қолданылатын балалар қауіпсіздігі стандарттарына сәйкес келеді және Қазақстанда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағытында маңызды қадам саналады.
«111» қызметіне жүгіну артты
Балалар арасындағы буллинг пен зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мақсатында мектептерге «111» байланыс орталығының QR-кодтары орнатылған. Бұл балалардың көмекке жүгінуін жеңілдетті. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша 2025 жылдың басынан бері отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өтініштер қабылдайтын «111» бірыңғай байланыс орталығына балалардан 110 999 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 108 987 өтініш мектептер мен колледждерде орналастырылған QR-кодтар арқылы, ал 2 012 қоңырау телефон арқылы қабылданған. Байланыс орталығының жұмысы барысында 3 499 балаға психологиялық көмек көрсетілді, 1 602 өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жедел қолдау ұйымдастырылды. Өтініштердің басым бөлігі ақпараттық және кеңес беру сипатында болды. Ең көп өтініш түскен өңірлердің қатарында Алматы қаласы (9 160), Батыс Қазақстан (7 654) және Түркістан (7 478) облыстары бар. Ал ең төмен көрсеткіштер Ұлытау (1 017), Солтүстік Қазақстан (1 738) және Абай (1 765) облыстарында тіркелген. Мемлекеттік органдардың қатысуын қажет еткен өтініштер орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, сондай-ақ ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен, өңірлік уәкілдермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе қаралғанын министрлік атап өтті.
Демек бұл көрсеткіштер жасөспірімдердің өз мәселесі туралы айтуға батылы жетіп жатқанын және балаларға арналған көмек құралдарының тиімді жұмыс істей бастағанын аңғартады.
Қауіпсіздік — ортақ жауапкершілік
Қазақстанда балаларды интернеттегі қауіптен қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мониторинг жүйелері енгізілді, заңнамалар күшейтілді, SIM KIDS сияқты жаңа технологиялар қолданысқа енді, балалардың көмекке жүгіну арналары кеңейді. Алайда мамандардың пікірінше, ең маңызды буын — отбасы. Технология мен заң тек сыртқы қауіпсіздік қабатын қамтамасыз етеді. Ал баланың интернетке деген көзқарасын, мәдениетін қалыптастыратын — ата-ана. Сондықтан баланы цифрлық ортада қорғау үшін мемлекет, мектеп, ата-ана және қоғам бірігіп әрекет етуі тиіс.
Қуаныш Рахметоллаұлы