Павлодарда «Берел қорғандары – Алтайдың мәңгі мұрасы» атты көшпелі көрме өтуде
Павлодар қаласы тұрғындарының назарына «Берел қорғандары – Алтайдың мәңгі мұрасы» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Салтанатты ашылу рәсімі Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі музей экспозициясында Берел жылқыларының ғажайып ат-әбзелдерінің көшірмелері мен соңғы жылдары «Берел» музей-қорығы жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған бірегей жәдігерлер ұсынылғанын жеткізді. Олардың арасында 2019 жылы жарыққа шыққан, жасы 2800 жылдан асатын алтын әшекейлер, бұғы-грифон бейнесі бедерленген сүйектен жасалған ат жабдықтары, ер мен әйел адамның бас сүйектері негізінде қалпына келтірілген антропологиялық реконструкциялар, зооморфты тұтқасы бар қола айна, әйел адамның тағымдық бұйымдары және өзге де тарихи құндылықтар бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – ата-баба рухына тағзым ету, ұлттың терең тарихын жас ұрпаққа жеткізу.
Сақ дәуірінің ең көне ескерткіштерінің бірі саналатын Берел қорымы – Қазақстан тарихының алтын арқауы. Б.з.б. V–IV ғасырларға тиесілі бұл кешен Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма өзенінің оң жағалауындағы аңғарда, Берел ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Құрамында 100-ден астам қорған бар бұл аймақ жер қабатының табиғи ерекшелігіне байланысты өзінің бастапқы қалпын ғасырлар бойы сақтап, зерттеушілердің назарын әлі күнге дейін аударып келеді.
Берелден табылған жәдігерлер – скиф-сібір аң стилінің көркем өрнегін, бабалардың дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін айқын көрсететін асыл мұралар. Былғарыдан, киізден, ағаш пен сүйектен жасалған тұрмыстық заттар, әшекей бұйымдар, сондай-ақ сол дәуірдің киім үлгілері мен ат жабдықтары ежелгі сақ мәдениетінің биік өркениетін паш етеді.
Көрме 2025 жылғы 19 желтоқсанға дейін жалғасады.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі



