Берел қазыналары Өскеменге келді
Шығыс Қазақстан өнер музейінде «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі дайындаған «Берел қазыналары» атты көрме ашылды.
Өскеменге «Берел» қорымынан табылған жәдігерлерден жасақталған көшпелі көрме келіп жетті. Көрмеге қойылған жәдігерлер арасында алтын бұйымдар мен реставрациядан өткен ат әбзелдерінің сүйек әшекейлері және тағы да басқа жәдігерлер бар. Көшпелі көрме «Берел музейінің» 15 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Берел қорымы – Қазақстандағы сақ дәуіріне тән тарихи ескерткіш ретінде көпшілікке мәлім. Жиыны жүзден астам қорғандарды қамтиды. Олардың кейбіреулері біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларға тиесілі екенін археологтар анықтап, тарихқа куә болар талай-талай жәдігерлерді тапқан.
Көрмеде реставрациядан өткен ат әбзелдерінің сүйек әшекейлері, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырларға жататын №36 сақ қорғанынан алынған бұлан грифондары, сонымен қатар ІІ-І ғасырларға жататын ер адам мен әйелдің сыртқы келбетінің антропологиялық реконструкциясы қойылған. Сондай-ақ зооморфты сабы бар қола айна, әйелдер әшекейлері және басқа да көптеген жәдігерелер көрме төрінен орын алыпты.
Қала тұрғындары көшпелі көрмені 1 желтоқсанға дейін тамашалай алады.







