Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды»
Бүгін Елорда төрінде ауыл әкімдерімен ел Президенті тікелей ашық диалог алаңын құрып, пікір алмасқан кездесуде мемлекетті дамыту бағытындағы маңызды мәселелер көтерілді. Солардың қатарында бір палаталы Парламент құру, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен кездесуінде: «Бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды», - деп нақты айтты.
Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар.
Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша қазір мемлекет алдында нағыз кәсіби Парламентті жасақтау міндеті тұр.
«Заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни, өз ісінің майталмандары келуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек.
Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет. Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстарым бар.
Жалпы, Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз.
Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз», - деп кесіп айтты Президент.
Ауыл – ұлтымыздың өзегі. Сондықтан Қазақстан үшін ауылды өркендету – негізгі міндет.
Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын.
Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру. Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын.
Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек», - деді.
Естеріңізге сала кетейік, Президент тапсырмасы бойынша Үкімет экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар мақсатында өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын дайындап, қабылдады. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек. Ел Президенті бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс екендігін айтты.
Мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде.
Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету.
Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат.
Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын», - деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда


