Бас прокуратурада есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту мәселесі талқыланды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыру аясында Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Отырысқа Президент Әкімшілігі, ІІМ, ҰҚК, ҚМА, ТЖМ, әділет, қаржы, жасанды интеллект және цифрлық даму, оқу-ағарту министрліктерінің, Ұлттық банктің өкілдері, сондай-ақ АҚШ Елшілігі, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқарманың бағдарламалық офисі мен ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің өкілдері қатысты.
Есепті кезеңде елде жалпы есірткі қылмысы 4%-ға төмендегенімен, оның ең қауіпті түрлерінің, соның ішінде есірткі сату фактілерінің 10%-ға өскені тіркелді. Заңсыз айналымнан жалпы 47,2 тонна есірткі мен 14,9 тонна прекурсор алынды. Оның ішінде 1,6 тонна синтетикалық зат пен 13 тонна кокаин бар. Есірткі жеткізудің 148 арнасы жойылып, 24 жасырын зертхана мен 98 заңсыз өсірілген есірткі өсімдіктері анықталды.
Жыл басынан бері 4 884 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды, олардың 58-і – кәмелетке толмағандар. 15 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде 3 трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Ірі партиялы есірткі жеткізілімдерін кесу және халықаралық есірткі желілерін жою бойынша ауқымды жедел іс-шаралар жүргізілді.
Профилактикалық жұмыс та күшейтілуде: 10 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, есірткі жарнамасы бар 60 мыңнан астам граффити жойылды. Интернеттегі есірткі бизнесін бұғаттауға бағытталған алгоритм аясында 180 мыңнан астам есептік жазба тоқтатылды.
Халықаралық әріптестік те кеңейіп келеді: 12 сыртқы бақыланатын жеткізу жүзеге асырылып, 7 елдің құзырлы органдарына материалдар жолданды.
2025 жылғы 2 қаңтардан бастап күшіне енетін Қылмыстық кодекс түзетулері есірткі өндірушілерге қатаң жаза, соның ішінде өмір бойына бас бостандығынан айыруды қарастырады. Сондай-ақ есірткі өндіруге арналған құрал-жабдықтар, прекурсорлар мен құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге қатысты жауаптылық кеңейтілді.
Прокуратура бастамасымен отандық IT-мамандар әзірлеген «Crypto Trace» және «ProkAi» жүйелері қолданысқа енгізілді. Олар интернеттегі қаржылық іздерді анықтауға және есірткі саудасын әшкерелеуге мүмкіндік береді.
Отырыстың қорытындысында мемлекеттік органдарға есірткі жеткізу арналарының жолын кесуді күшейту, интернет-ресурстарды цифрлық бақылауды кеңейту, жастар арасындағы профилактиканы тиімді ету, халықаралық ұйымдармен үйлесімділікті арттыру және заманауи технологияларды енгізуді жалғастыру тапсырылды.
Бас прокуратура есірткі қауіпін азайту үшін барлық мемлекеттік органдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігерін одан әрі біріктіру қажет екенін атап өтті.




