Қазақстанда сәулелік терапия сапасын бақылаудың ұлттық жүйесі құрылады
Қазақстанда онкологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ауқымды өзгерістер қолға алынбақ. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі сәулелік терапия қызметін жетілдіру жөнінде маңызды тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Министрдің айтуынша, әрбір онкология орталығындағы жабдықтардың жай-күйін, олардың тиімді пайдаланылуын және маманмен қамтылуын жан-жақты бағалайтын арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Бұл топтың негізгі мақсаты – өңірлердегі радиологиялық қызметтің мүмкіндіктерін анықтап, нақты проблемаларды шешу тетіктерін әзірлеу.
Өңірлерге радиологтарды даярлауға қосымша қаржыландыру бөлу, ядролық медицина, патоморфология, интервенциялық онкология бағыттары бойынша дәрігерлердің біліктілігін арттыруды жалғастыру ұсынылды. Бұл елде онкологиялық қызметтің сапасын біріздендіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар паллиативтік көмек желісін кеңейту, ауыр дертке шалдыққан пациенттердің осы қызметке қолжетімділігін арттыру жоспары да назарда. Министрлік бұл бағытты әлеуметтік маңызы жоғары басымдықтардың бірі ретінде қарастыруда.
Бұдан бөлек, онкоорталықтарда сараптамалық эндоскопиялық бөлімшелерді толық жабдықтау және аз инвазивті технологияларды кеңінен енгізу жұмыстары жалғасады. Бұл – ерте диагностика мен жоғары технологиялық емді дамытуға арналған қадамдар.
Сондай-ақ, медициналық ақпараттық жүйелерді жаңартылған диспансерлік және стационарлық науқастар регистрлерімен интеграциялауды тездету тапсырылды. Цифрландыру процесі онкологиялық пациенттерді бақылауды жеңілдетіп, емдеу сапасын арттырмақ.
Айта кетейік, бұған дейін онкология саласындағы дәрілік қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бірқатар қатерлі ісікке қарсы препараттардың бағасы 40%-дан астам төмендегені хабарланған.
Бұл бастамалар еліміздегі онкологиялық қызметтің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне, ал пациенттердің тиімді әрі заманауи емге қолжетімділігінің артуына бағытталған.
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі