Бірқатар онкологиялық препараттардың құны 40%-ға төмендеді
Ел Үкіметі онкология саласындағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамедовтің айтуынша, жүйелі өзгерістердің нәтижесінде бірқатар өмірлік маңызды онкологиялық препараттардың құны 40%-дан астам төмендеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство жүргізген кешенді жұмыстар бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізуге: қосымша бюджетсіз дәрі-дәрмек сатып алу көлемін ұлғайтуға; бар бюджет аясында емделушілер санының артуына; жүйенің тұрақтылығын сақтап, маңызды препараттардың тапшылығы қаупін азайтуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар бұқаралық қамтамасыз ету тізіміне толық ревизия жасалып, препараттар құрамы жаңартылды.
Министрлік онкологиялық науқастарды емдеуде қолданылатын дәрілерге талдау жүргізіп, төмендегі өзгерістерді енгізді: 6 ескірген, клиникалық тұрғыдан тиімсіз препараттар айналымнан алынды; 4 заманауи таргеттік препарат енгізілді, бұл дәлділігі жоғары, жекелендірілген емге жол ашады; 15 таблеткалық препарат нөлдік құны бар өтемақы тізіміне ауыстырылды. Бұл жаңашылдық стационарлардың шығынын азайтып, пациенттерге амбулаториялық деңгейде қолайлы әрі қолжетімді ем алуға мүмкіндік береді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, препараттар сапасын арттырумен қатар олардың қолжетімділігі де басты назарда.
Алқа отырысында сөз сөйлеген мамандардың айтуынша, онкологиялық ауруларды емдеу саласында заманауи және қауіпсіз препараттарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Сондықтан да министрлік емдеу сапасын жақсартумен қатар, науқастарға қолжетімділікті кеңейтуге күш салып отыр.
Онкологиялық көмектің қаржыландырылуын тиімді жоспарлау мақсатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келесі тапсырмаларды жүктеді: 10 желтоқсанға дейін қайта қаралған базалық мөлшерлемелерді ескере отырып, онкологиялық көмек тарифтерін қайта есептеу; 2026 жылғы 1 сәуірге дейін ісікке қарсы таргеттік препараттарды фармакологиялық топтар мен Анатомиялық-терапиялық-химиялық жіктемесі бойынша сатып алуға көшу.
Министрлік бұл өзгерістердің онкологиялық науқастардың ем алу сапасына тікелей оң әсер ететініне сенімді.
Жаңа тәртіптер мен тиімді шешімдер еліміздегі онкологиялық қызметтің дамуына жаңа серпін бермек.