Аида Балаева Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Аида Балаева мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған кәсіби басшы. Еңбек жолын 1999 жылы Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы мен елордадағы ақпарат және ішкі саясат құрылымдарында түрлі жауапты қызметтер атқарды.
2008-2010 жылдары – Астана қаласының ішкі саясат басқармасын басқарды, ал 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды.
2014 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде ішкі саясат бағытында жетекшілік етті.
2019-2020 жылдары Президенттің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2020-2022 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрі болды.
2022-2023 жылдары Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап Мәдениет және ақпарат министрлігін басқарды.
Аида Балаева "Құрмет" орденінің иегері, әлеуметтік ғылымдар кандидаты.
Фото: Ақорда