Мемлекет тұрғын үй көмегінің ережелерін жаңартты: енді бәрі ашық және онлайн қолжетімді
Қазақстанда аз қамтылған азаматтарды қолдауға бағытталған тұрғын үй көмегінің жаңа тәртібі күшіне енді. Жаңартылған ережелердің басты мақсаты – көмек көрсету процесін барынша ашық ету, бюрократиялық кедергілерді азайту және өтініш берушілерге қызметті онлайн форматта қолжетімді ету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғын үй көмегі – коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға және мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың төлеміне жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге арналған мемлекеттік қолдау түрі.
Өтініш беру рәсімі жеңілдетілді. Енді азаматтар egov.kz порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, электронды цифрлық қолтаңба арқылы өтініш тапсыра алады. Барлық негізгі ақпарат – тіркелу, тұрғын үй иелігі, отбасы құрамы, банк шоты және кіріс туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде тексеріледі. Өтінішті қабылдау үшін отбасындағы барлық кәмелетке толмаған мүшелердің цифрлық келісімі талап етіледі. Бұл – процестің ашықтығын арттыруға бағытталған қадамдардың бірі.
Тұрғын үй көмегіне мұқтаждық арнайы «Әлеуметтік көмек» жүйесінде жүргізілетін нормативтік есеп арқылы айқындалады. Бұл жүйе аймақтық ерекшеліктерді, коммуналдық қызмет тарифтерін, тұрғын үй нормаларын және отбасының нақты шығындарын ескере отырып, көмектің қанша мөлшерде тағайындалатынын автоматты түрде есептейді.
Көмек алушылар қатарына жалпы кірісі белгіленген шектен төмен аз қамтылған отбасылар кіреді. Егер отбасының тұрғын үй және коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығындары олардың жалпы табысының мәслихат белгілеген рұқсат етілген бөлігінен (5-10%) асып кетсе, мемлекет осы айырмашылықты өтейді. Көмек тек бір тұрғын үй объектісіне ғана беріледі және жеке тұлғалардан жалға алынған баспана шығындары, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің нормадан асқан тұтынуы өтелмейді.
Өтелетін шығындардың түрлері ауқымды: су, газ, жылу, электр энергиясы секілді коммуналдық қызметтер; тұрғын үй мен аула аумағын күтіп ұстау; капиталдық жөндеу; байланыс қызметтері және мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алынған үй үшін төлемдер.
Тұрғын үй көмегінің мөлшері «нақты шығындар – рұқсат етілген шығын деңгейі» формуласы бойынша есептеледі. Есептеу кезінде тұрғын үй алаңының нормасы бір адамға 18 шаршы метр деп белгіленген.
Өтініш беру тәртібі де кезең-кезеңімен реттелген. Алдымен азамат eGov.kz порталында немесе ХҚКО арқылы өтініш береді. Одан кейін мемлекеттік органдар барлық деректерді тексереді. Өтініш иесі соңғы үш айдағы коммуналдық төлемдер бойынша құжаттарын қоса тіркейді. Әкімдік өтінішті алты жұмыс күні ішінде қарайды, соңында шешім қабылданып, қаражат Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті арқылы өтініш берушінің банк шотына аударылады.
Қажетті құжаттар да қысқартылған. Өтініш беруші жеке куәлігін, коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған төлем құжаттарын, байланыс қызметтеріне қатысты келісім немесе түбіртектерді, мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алу туралы келісімді (болған жағдайда) және IBAN нөмірін ұсынады.
Жаңа ережелер цифрлық шешімдер мен ашықтық қағидаттарына негізделген. Бұл мемлекет көрсететін әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, азаматтарға сыртқа шықпай-ақ, үйден онлайн көмек алуға мүмкіндік береді.